Алакөл мен Балқаш: Жетісуда көл жағалауы қалай жанданады?

Уақыты: 15.01.2025
Оқылды: 281
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысында туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша атқарылған жұмыстар туристер санының өсуіне ықпал етті. Мысалы былтыр өңірге 2,0 миллионнан астам турист келген.

Жер жәннаты Жетісуда көптеген туристік орындар бар. Солардың ішінде Алакөл өңірдің інжу-маржаны саналады. Сондықтан көлдің жағалауындағы инженерлік инфрақұрылымды дамыту ерекше бақылауға алынды. Кәріз тазарту жүйесінің, «Бескөл-Ақши» электр желілерінің құрылысы басталды.

Ал Үшарал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағы, «Талдықорған-Үшарал» (313,5 км) автожолы қайта жаңартылып, «Тальго» жүрдек пойызы іске қосылды.

Жыл сайын туристер санының артуына байланысты Үшарал әуежайының өткізу қабілетін сағатына 50-ден 125 жолаушыға дейін ұлғайту үшін қосымша терминал салудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Жетісу облысының туристік әлеуетін көтеретін екінші бағыт – Балқаш көлі. Балқашқа дейінгі 132 шақырым жолдың 122 шақырымында құрылыс аяқталды, қалған 10 шақырымы биыл туристік маусымға дейін толық пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар көл жағалауына инженерлік инфрақұрылым тартылуда, бұл мақсатқа 2024 жылға республикалық бюджеттен 2,2 млрд. теңге бөлінді. Осы жылдың соңында жобаны аяқтау жоспарлануда.

"Жетісу-Ақпарат"
Фото: aikyn.kz