Ізденімпаз Айдана

Уақыты: 13.02.2025
Оқылды: 352
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Елдің келешегі ғылым жолына түскен жастарда. Көрсем, білсем, үйренсем деген қызығушылығы мол өрендердің өмірі әрдайым нұрлы болмақ. Ғалым болу екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Оған үлкен қажыр-қайрат керек.

Білім – болашақтың кілті. Ғылым мен ізденіске деген құштарлық адамның өміріне үлкен өзгерістер әкеледі. Осындай жаңалыққа жаны құмар, ізденімпаз оқушылардың бірі – Айдана Оршан. Айдана бала кезінен-ақ зерттеу жұмыстарына қызығушылық танытып, әртүрлі ғылыми жобалар жазуға ден қойды. Кез келген тақырыпты жан-жақты зерттеп, өз көзқарасы тұрғысынан талдай білуі – оның басты ерекшелігі.

Жас ғалым «Табиғи майшамның пайдасы», «Шашбау тағу дәстүрі», «Брекеттің пайдасы», «Адақ арба тарихы», «Менің арманымдағы мектеп», «Артық салмақ проблемасы балалар арасында таралуда» тақырыбында ғылыми жобалар әзірлеп, зерттеген. Оның жұмыстары тек теориялық білімге ғана емес, сонымен қатар тәжірибелік маңызға да ие. Ол өзінің жаңашыл көзқарасын ұсынып келеді.

Айдана Оршанның ғылыми жетістіктеріне ата-анасының да ықпалы зор. Әкесі – мектепте тарих пәнінің мұғалімі, ал анасы – бастауыш сынып мұғалімі. Олар қызының білімге деген құштарлығын қолдап, ізденуге, зерттеуге үнемі жетелеп отырады. Ата-анасының қолдауы Айдананың ғылыми жобаларға деген қызығушылығын оята білді. Ол қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі «Зерде», «Дарын» ғылыми жобалар байқауына қатысып, өзінің ерекше таланты мен еңбекқорлығын дәлелдеуде.

Айдананың арманы зерттеу жұмыстары арқылы қоғамға пайдасын тигізу, жаңалық ашу. Ол өзінің талпынысымен, еңбексүйгіштігімен көптеген жастарға үлгі бола алатынына кәміл сенімді.

Медет Жұмабай