Ниет болса кәсіп көп

Уақыты: 15.02.2025
Оқылды: 383
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыс орталығында «жұмысшы мамандықтар жылына» орай Бос орындар жәрмеңкесі өтті. Шараға Талдықорған аумағында қызмет жүргізетін 46 ірі жұмыс беруші ұйым қатысты. Ұйымдастырушылар жәрмеңкеге жаңа мансаптық мүмкіндіктерге қызығушылық танытқан аймақтың 500-ге жуық тұрғынын тартты.

Сергей Кирясов математика пәнінің мұғалімі. Ол ұзақ уақыт мүгедектігіне байланысты жұмыс таппай келген еді. Бұл күні оның айы оңынан туғандай. Бос орындар жәрмеңкесінен өзіне қолайлы кәсіп тапқанына қуануда. Мүмкіндігі шектеулі азамат енді жылыжайда тұрақты жұмыс істейтін болады.

– Мен көптен бері жұмыссыз отырып қалдым. Бұрын отбасымды асырау үшін уақытша әр жерде жұмыс істегенмін. Бұл ұйымдастырылып отырған жәрмеңкеге арнайы келдім. Қазір ғана жұмыс берушінің шарттарын оқып, таныстым. Маған қолайлы екен. Ертеңнен бастап жұмысқа шығамын, – дейді ол.
Жәрмеңке аясында әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша көрме ұйымдастырылып, ірі кәсіпорындар және орта бизнес өкілдері өз тауарларын таныстырып, ақпараттық үлестірме материалдар таратты. Жұмыс берушілер кәсіпорындары туралы презентациялар көрсетіп, жұмыс іздеушілер және ТжКБ түлектерімен сұхбат құрды.

– Біздің компанияға 15 түрлі бағыт бойынша мамандар қажет. Эколог, конструктор, технолог, электрик және газбен дәнекерлеуші, қалыптаушы сынды басқа да жұмысшылар керек. Мұның бәрі сұранысқа ие мамандықтар екенін жақсы білеміз. Біздің мекемеде тұрақты жұмыс пен кәсіби өсу мүмкіндігі бар, – дейді «Темірбетон» ЖШС қызметкері Ардақ Құдайбергенова.

Өткен жылы облыстағы жұмыспен қамту орталықтарының қолдауымен 35 жасқа дейінгі 8 мыңға жуық жас жұмысқа орналасқан. Олардың көпшілігі мамандығы бойынша еңбек етуде. Басқалары қысқамерзімді оқудан өтіп, біліктілігін арттырып, мансаптық өсу мүмкіндігіне ие болған. Қалған азаматтар мемлекеттік гранттарды пайдаланып, өз істерін ашып, табысты кәсіпкерлікке алғашқы қадам жасаған екен.

Аталған жәрмеңкеге қала әкімі Ернат Бәзіл де келді. Жұмыс ұсынушылардың істерімен танысып, көпшілік алдында сөз де сөйледі.

– Қаламызда 200 мыңдай тұрғын бар, оның ішінде 8 мыңға жуық адам жұмыссыз. Жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында біз үнемі жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіпорындар мен өндіріс орындарын дамытуға күш салудамыз. Атап айтқанда: «Асма индустриал»  180 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап, бүгінгі күнге 90 адам орналасты. «Алмас керамикс» кәсіпорны жаңадан 180 жұмыс орнын құрды және ашылғалы тұрған «Сталь бетон» кәсіпорнында  50 адамға жұмыс беруді жоспарлап отыр.  Бүгінгі жәрмеңкеде 30-дан астам кәсіпорын өкілдері 300-ге жуық бос жұмыс орындарын ұсынуда. Бұл біздің қала тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік, – деді ол.

Медет ЖҰМАБАЙ
Фото: Ашық дереккөзден