Наурыз мерекесінің басталуы – Амал күні Талдықорған қаласында 1000 түп ағаш көшеттері отырғызылды. Осы орайда 140 түптен астам қарағай Қаратал өзенінің жағалауына қаз-қатар егілсе, қалғаны шаһардағы саябақтар мен басқа да орындарда бой түзеді.
Жауаптылардың сөзінше, жыл сайын наурыз айы бастала салысымен аймақта «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында түрлі іс-шаралар тұрақты түрде қолға алынады. Қазір облыс орталығын одан әрі гүлдентіп, көркейту үшін жасыл желектермен толықтыру басты назарда. Алдағы уақытта бұл жұмыстардың қарқынын бәсеңдетпей, көктем-күз айларында қаладан тысқары жерлерге дейін ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілмек. Нақтырақ айтқанда, биыл Жетісу облыс орталығына өңірдің климатына бейім шырша, қарағай секілді қылқан жапырақты 12 мың ағаш көшеттері, 80 мыңға жуық гүл шоқтарын егу көзделген.
– Әр жылы аталған акциялар аясында жоспарланған іс-шараларға жетісулықтар белсенді атсалысып келеді. Мәселен, өткен жылдың басынан бергі өткізілген сенбіліктер мен басқа да экологиялық акцияларға 252 мыңнан астам адам қатысып, 2322 бірлік техника жұмылдырылған. Сондай-ақ, осы аралықта аймақтағы 193 саябақ пен демалыс орындары, 721 тарихи-мәдени ескерткіш аумағы тазартылып, 12 мың 800 тоннадан астам қоқыс шығарылса, 10 мыңнан астам ағаш, 60 мыңға жуық гүл отырғызылды. Мұндай жұмыстар биыл да жалғасатын болады,– дейді сала мамандары.
Еске сала кетсек, мұндай жұмыстар аймақта өткен жылы көктем айы басталғаннан бері «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде «Таза Сәрсенбі», «Таза Бейсенбі» және «Сенбілік» сынды тақырыптармен дәстүрлі түрде қолға алынып, студенттер мен жас еріктілер түрлі қайырымды істермен жалғастыруда. Олар аймақтағы жалғызбасты және қарт адамдардың аулаларын, жолдарды қардан тазартып беріп, өзге де көмектерін көрсеткен. Сонымен қатар, жалпыхалықтық іс-шаралар «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір Бұлақ» сынды тақырыптарға бөлініп, тұрақты атқарылуда. Аталмыш бастамалар биыл да жалғасуда.
Айдын КӘЛІМХАН