Қазақ халқының ұлттық киімдері – ғасырлар бойы қалыптасқан, халқымыздың дәстүрін, мәдениетін, тұрмысын көрсететін ерекше құндылықтардың бірі. Олар қазақ халқының өзіндік болмысын айқындайтын, өткен мен бүгінді байланыстыратын маңызды элемент. Қазақтың ұлттық киімдері тек көркемдік тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге өмірлік қажеттіліктерді, климаттық ерекшеліктерді, әлеуметтік мәртебені де білдірген.
Халқымыздың ұлттық нақыштағы киімдері – табиғатпен тығыз байланысты, әрі олардың функционалдығы мен сәні бір-бірімен үйлесіп отырған. Қазақтың киімдері өз заманына сәйкес өзгеріп, дамып отырса да олардың негізгі мәні мен құрылымы әрдайым сақталып қалған. Қазақ әйелдерінің киімдері бай, күрделі және әртүрлі болып келеді. Ерекше айтатын нәрсе, қазақ әйелдерінің киімдері көбінесе жасына, әлеуметтік жағдайына, тойлар мен рәсімдерге арналған арнайы киімдерге байланысты ерекшеленген. Ұлттық киімді айшықтау мақсатында ұйымдастырылған көрме барысында қоғам белсендісі пікір білдірді.
– Ұлттық киім – Ұлт бейнесі аясында көрмеге қырыққа жуық экспонат қойылды. Бұл көрменің ұйымдастыру мақсаты – ұлттық киімнің тарихын және оның мәдени ерекшеліктерін көрсету. Біз өткен тарихымызды ұмытпай, болашаққа көз жеткізуіміз керек. Ал ұлттық киім – жарқын болашағымыздың көрінісі. Мұнда қойылған киімдер қазақ халқының тұрмыстық киімдері, алғашқы экспедициядан қыс мезгілінде киетін ішіктердің түр-түрі, қасқыр ішік, түлкі терісінен тігілген ішік, кимешек, құлақшын және Бикен Римова апамыздың сахнаға киген киімдері бар. Бұл киімдердің тарихы жүз жылға созылған, – дейді М. Тынышбаев атындағы музей директорының орынбасары Күләш Исабекова.
Қазақтың киімдерінде жиі кездесетін элементтер, мысалы, ою-өрнектер, түстер, әшекейлер көбінесе табиғат пен рухани дүниемен байланысты. Әрбір өрнек белгілі бір мағынаға ие болып, киімді киіп жүрген адамның тұрмысын, дүниетанымын білдірген. Ең қызығы, Қызайлардың киімдерінде де бұл символика айқын көрінеді. Әсіресе, қызай қалпағы мен кимешегіндегі алтын және күміс моншақтар мен зергерлік бұйымдар адамның әлеуметтік мәртебесін ғана емес, оның мәдени деңгейін де көрсеткен. Қызай өрнек көрмесінде қойылған тарихи жәдігерлер мұның дәлелі десек те болады.
Қазіргі таңда қазақтың ұлттық киімдеріне деген қызығушылық артып келеді. Әсіресе, мәдени шаралар, фестивальдер мен арнайы көрмелер ұлттық киімдерді насихаттауда үлкен рөл атқарып отыр. Сонымен қатар, жастар арасында қазақ киімдерін заманауи үлгіде тігу және оларды күнделікті өмірде кию тенденциясы қалыптасып келеді. Бұл өз кезегінде ұлттық мәдениетіміздің қайта жаңғыруына, ұлттық құндылықтарымыздың сақталуына септігін тигізеді. Қазіргі уақытта да ұлттық киімдеріміздің қайта жаңғыруы мен даму барысы біздің ұлттық болмысымызды сақтауға, еліміздегі мәдени бірегейлікті нығайтуға көмектеседі. Тіліміз орыстанып, діліміз арабтанып бара жатқан қоғамды сүзгіден өткізу кешегі тарихты құрметтеуден басталады.
Мұрат КҮМІСБЕК
ЖУ студенті
Фото: almaty.tv