БІРЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚТЫҢ ТІРЕГІ

Уақыты: 30.07.2018
Оқылды: 1195
Бөлім: КҮНДЕРЕК

   Тамылжыған Талғар төріндегі «АІВА» бокс кешенінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жанында құрылған Талғар ауданындағы  қоғамдық келісім кеңесінің «Бірлік пен келісім – рухани жаңғыру негізі» атты форумы өтті.

 
   Билік пен халықтың арасын жақындастырып, тығыз байланыстыратын консультативтік орган саналатын қоғамдық кеңестің жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Георгий Иорданиди, Клара Хан, Асылы Осман, Шахисмаил Асиев, Гриф Хайруллин, аудандық мәслихаттың хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы, «Нұр Отан» партиясы Талғар аудандық филиалының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова және ауылдық округ әкімдері, аудандық этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері мен өкілдері қатысты. Келелі кеңесті аудан әкімі Рыскелді Сатпаев ашып, өзінің құттықтауын жеткізді. 
– Бірлігі мықты, іргесі бүтін елдің қашанда ырыздығы мол. Еліміз осы баға жетпес байлығы – татулығымен мақтана алады. Қазақстан халқы Ассамблеясының алдына қойған басты мақсаты – этносаралық қатынас саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету. Біздің ауданымызда халық саны   191788 адамды құрайды. Аудан көлемінде құрылған 6 этномәдени бірлестіктермен тыңғылықты жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, ауданның барлық елді мекендерін қамтитын 46 қоғамдық келісім кеңесі өз жұмыстарын халықпен бірлесе атқаруда, – деді салтанатты жиында сөз бастаған аудан әкімі Рыскелді Ахметқалиұлы.
   Қазақстанды дамытудың стратегиялық мақсаттарына жету бойынша мемлекет пен қоғам күштерінің бірігуін қамтамасыз ету, тұрақтылықты, азаматтық бейбітшілікті, реформалар бағдарламасын орындаудың басты шарты ретінде қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуды мақсат еткен келелі басқосуда аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Жұмағыз Бұтабаева «Қоғамдық келісім кеңесі – татулық кепілі» атты баяндамасын оқыды.
   Халықтар достығын нығайта отырып, ауызбіршілік пен ынтымақтастыққа ұйытатын қоғамдық келісімнің алқалы жиынында аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Мәрия Сихымбаева «Ұлт болашағы – тәрбие көзінде» тақырыбында салиқалы сөз қозғаса, кәсіби медиатор Гүлжан Мединеева «Медицина – бітімгершілік жолы» екендігіне ерекше тоқталды.
Форумға қатысушылар ел дамуының даңғыл жолы – ұлттық құндылықтарды ұлықтап,  жарқын болашаққа жол бастау екендігімен ойларын түйіндеді.
   Салтанатты шара соңында қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысын жандандыруда белсенділік танытып жүрген бір топ азамат аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар назарына аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды.
 
Ұлбосын ИСАБЕК.