КЕМЕЛ ТОҚАЕВҚА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ

Уақыты: 12.10.2018
Оқылды: 3172
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Он сегіз әулие жатқан қасиетті Қаратал ауданының тоқсан жылдығы аталып өтті. Талай тарланбозды түлеткен киелі мекендегі той Ескелді атаның басына зиярат етуден басталды. Еркелеп аққан Қаратал өзенінің жағасында елінің ынтымағы мен тыныштығын күзетіп жатқандай әулие ата – Ескелді би кесенесінің басына таңмен таласа облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ келді.

Мереке басын әулие атаға тағзым жасаудан бастаған өңір басшысын Қаратал ауданының әкімі Рауан Рақымбеков пен Ескелді атаның ұрпағы, академик Еділ Ерғожин және тойға келген бірқатар қадірменді қонақтар қарсы алды. Алдымен атаның кесенесіне тағзым жасалып, Құран бағышталды. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, елінің амандығы мен өркендеп-өсуін, келер болашақтың жарқын болуын тілеген ағайын арнайы құрбан шалды.

Мұнан кейін ауданның торқалы тойы қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы, қарымды қаламгер, қараталдық аяулы перзент Кемел Тоқаев атындағы саябақтың ашылу салтанатымен жалғасты. Қалаға көрік беретін саябақ расымен де қараталдықтардың қуанышы болды. Әсіресе, балалар мен қариялар демалатын орынға айналған саябақтың жан-жағы жасыл желекпен көмкеріліп, ортасында Кемел Тоқаевқа арналған ескерткіш тұғыртас бой көтеріпті. Салтанатты шараға аудан тұрғындары мен арнайы келген қараталдықтар көп жиналды. Барлығының жүздері жарқын, қуаныштың лебі білінеді. Облыс әкімі Амандық Баталов келген қонақтармен амандасып, жалпы халықты құттықтап, қадірменді меймандармен ортаға озды.

Дәл осы сәтте тойдың шырайын кіргізетін қазақтың күйі күмбірлеп, барша жұртты бір тербетіп алды. Алаштың ақмаңдай ұлы Кемел Тоқаевқа арналған ескерткіштің лентасын Мемлекет және қоғам қайраткері, академик Еділ Ерғожин, облыс әкімі Амандық Баталов, Алматы облысының Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев кесті. Аты алысқа жайылған қаламгер атамызға қойылған ескерткіш тұғыр көз сүйсінерліктей. Қос қапталына үлкен тас қойылып, қаламгердің есімі латын және кирилл қаріптерінде жазылған. Ортасына өзінің «Солдат соғысқа кетті» деген кітабының тас бейнесі қойылған. Қаламгерлігін білдіретін қауырсын мен жауынгерлігінен сыр шертетін шинелі мен баскиімі де орналасқан. Алыстан менмұндалайтын ескерткіш тұғыр ашылған бетте әжелер шашу шашып, күллі халықтан сүйінші сұрады. Салтанатты жиында өңір басшысы Амандық Баталов:

- Бүгін күндіз күміс, түнде алтын аққан қасиетті де құт-береке дарыған іргелі өңірлердің бірі – Қаратал ауданының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Биыл Жетісу өлкесі үшін берекелі, дарқан көңілді халқымыз үшін айтулы күндерге толы жыл болып отыр. Қаратал ауданымен қатар Алакөл, Сарқан, Балқаш, Жамбыл, Іле аудандары да өздерінің 90 жылдық мерекесін атап өтті. Сонымен қатар, қарымды қаламгер Кемел Тоқаевтың 95 жылдығы, ел аузында «Би апа» атанып кеткен Қазақстанның халық әртісі Бикен Римова апамыздың 95 жылдық мерейтойы қатар келіп отыр. Қаратал ауданы біртуар азаматтарымен, от ауызды, орақ тілді билерімен, қол бастаған батырларымен елімізге танылған өлке. Қараталда туып-өскен азаматтардың есімін ардақта – ортақ парызымыз. Аудан орталығында бір мектепке, бір көшеге Кемел Тоқаевтың есімі берілді. Осындай игі істің жалғасы  ретінде, жерлес жазушының есімін есте қалдыру  мақсатында жаңа саябақ ашылып отыр. Мұндай игілікті іс жалағасын таба береді. Өзенімен көрікті, халқымен қадірлі Қаратал ауданы өркендеп, өсе берсін. Жаңа саябақ сіздерге жақсы демалыс, көтеріңкі көңіл сыйласын, – деп қараталдықтарды құттықтады.

Өңір басшысынан кейін Еділ Ерғожин мен қараталдық ардагер журналист, жазушы Мәкен Өсербаева жүрекжарды тілектерін арнаса, ауданның Құрметті азаматы, ақсақал Қуандық Әбдікәрімов жалынды жырын оқып, ақ батасын берді.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Қаратал ауданы

Алматы облысы