ТАЛДЫҚОРҒАНҒА МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ КЕЛДІ

Уақыты: 19.10.2018
Оқылды: 1960
Бөлім: КҮНДЕРЕК
Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы егемен елдің әрбір тұрғыны үшін ерекше маңызға ие. Саяси құжатта көрсетілген міндеттемелердің барлығы ел экономикасын өсіруге, ауылшаруашылығы, құрылыс, мәдениет салаларын жандандыруға бағытталған. Осыған орай жаңа Жолдаудың негізгі бағыттары мен міндеттерін түсіндіру мақсатында  Талдықорған шаһарына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ келді.
 
Министр алдымен тотыдай түрленіп келе жатқан Талдықорған қаласының кіреберісінде бой көтерген жаңа театр ғимаратына ат басын бұрды. Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнердің өрістеуіне жол ашатын жаңа нысанның ішін аралап, сахнасына көтерілді. Көз тартарлық кең залдың заманауи стильде салынғанын көріп, көңіліне ұялаған ақеділ ниетін бірінші облыс әкімі Амандық БАТАЛОВҚА білдірді. Театр дәлізінде қылқалам шеберлері бедерлеген, қазақ халқының тұрмыс-танымын, салтанатпен ғұмыр кешкен тұрпатын танытар суреттердің сәтті бейнеленгенін, ғимараттың елімізде теңдесі жоқ өнер ошағы екенін айтып, көздің жауын алардай әсемдігіне сүйсінгенін жеткізді. 
 
Одан кейін Елбасы Жолдауына орай Салтанат сарайында өткен жиынға қатысты. Облыстық басқармалар мен мекеме басшылары, спорт жаттықтырушылары, Индонезияның Жакарта қаласында өткен 18-нші жазғы Азия ойындарында самбо күресінен алтыннан алқа таққан спортшы қызымыз Ділдәш Күрішбаева сынды спорт саңлақтары, аймақтың зиялы қауымы мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысқан аталмыш жиынды өңір басшысы Амандық Баталов ашып, жүргізіп отырды.
 
– Құрметті Арыстанбек Мұхамедиұлы, егемен ел келешегінің кемел болатынын Астанадай ару қаламен қатар айғақтап келе жатқан Талдықорғандай әсем қалаға қош келдіңіз! Күні кеше ғана Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын халыққа арнады. Аталған Жолдауды жетісулықтар үлкен ықыласпен тыңдады. Бұл – осыған дейін жүзеге асырылып жатқан стратегиялық бастамалардың заңды жалғасы. Өздеріңізге белгілі, әлемдегі экономикалық жағдай күн сайын өзгеріп келеді. Бұл ретте Елбасы Жолдауында берілген әрбір басымдық халқымыздың әл-ауқатын, тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Бұл тұрғыда облыс Мемлекет басшысының әрбір міндеттемесін зор ықыласпен орындайтын болады, – деді Амандық Ғаббасұлы.
Өз кезегінде алғашқы болып  сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы:
– Елімізді ширек ғасырдан астам уақыт аралығында дүние жүзіне таныттық. Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында біз өз мақсатымыздың биік межесін бағындырдық. Жаһандану көшінде көш бастаған 50 мемлекеттің ішіне ендік. Енді дамыған елдер санатына енген мемлекеттің халқы да әл-ауқаты жақсарған, тұрмыс сапасы түзелген ел болуы керек. Сол үшін Мемлекет басшысы биылғы Жолдауын жариялады, – дей келе, саяси құжаттың негізгі бағыттары мен міндеттерін жекелей атап өтті.
 
Министр Елбасы Алматы облысында қант қызылшасын өндіруді ректордтық көрсеткішке жеткізгенін ерекше атап өткенін, қашанда аграрлы өңірдің сан саладағы көрсеткіші көңіл қуантатынын жеткізді. Сонымен қатар, мәдениет пен спорт саласының өркендегенін, экономкалық қуатының тасығанын, құрылыс саласының қарқынды дамығаны, Алакөлдей аймақтың туристерді қабылдауда ректордық көрсеткіш көрсеткенін тілге тиек етті. Оған қоса, мәдени, спорт нысандарын салуда Жақсылық Үшкемпіров, Бауыржан Оспанов сынды елдің ардақты азаматтары өз үлестерін  қосып жатқаны құптарлық, қуанарлық жайт екенін және Алматы облысының республикада алдыңғы қатардан түспейтіндігін тарқатып, жетісулықтарға жүрекжарды алғысын жеткізді.
 
Жолдау бойынша атқарылар игі істерді түгел қамтып шыққан министрден кейін облыстық «Жетісу» телеарнасының директоры Бейсен Құранбек сөз алды. Ол:
- Қала көрікті болса халықтың қуаттылығын, дала дарқан болса, елдің берекесін білдіреді. Жетісуда мұның екеуі де бар. Даланың тірлігі оңды, өзіңіз айтып өткендей, қант қылшасын өндіруде рекордтық көрсеткіш көрсеттік. Ақсу мен Көксу қант зауытында қызылша тиелген көліктер қазіргі таңда кезекте тұр. Ауылшаруашылығынан басқа салалар да дамыған. Елбасының соңғы келген сапарында міндеттеген тапсырмасының барлығы жүзеге асуда. Мұның бәрі Жетісу жерінде Президенттің идеясы төңірегіне топтасып, қоғамдық келісім мен ұлтаралық жарастықты сақтап, айрандай ұйып, берекелі тірлік кешіп отырғандығымыздың жемісі, – дей келе, Арыстанбек Мұхамедиұлының Елбасының Жолдауын түсіндіру, одан туындайтын міндеттерді ұғындыру әрі халыққа жеткізу мақсатындағы сапарының аса маңызды болып отырғандығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Бейсен Абайұлы Елбасы міндеттемелерін аса қарапайым тілмен ұғынықты етіп түсіндіріп бергені үшін дән риза екенін әңгіме өзегіне айналдырды. Өз кезегінде облыстық Олимпиадалық резерв дайындау орталығының директоры, еркін күрестен тұңғыш Олимпиада жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Мәулен Мамыров өңірімізде спорт пән мәдениетке деген қолдаудың ерекше екенін, соның нәтижесінде спортшыларымыз жоғары жетістіктерге жетіп жатқанын жеткізді.
 
Жиын соңында облыс әкімі Амандық Баталов өңір экономикасын арттыру, құрылыс, ауылшаруашылығы салаларын жаңғырту мақсатында атқарылып жатқан игі істерге тоқталды. Қант қызылшасын өндіру жылдан-жылға еселеніп отырғанын, оған қоса Қапшағай қаласы маңынан макарон-кеспе өндіретін «Маревен Фуд Тянь-Шань» зауытының салынып жатқанын атап өтті. Аталмыш зауыт 500 адамды жұмыспен қамтып, Қытай, Ресей, Өзбекстан сынды 5 мемлекетке тауар экспорттайтын, тәулігіне 90 тонна макорон-кеспе өндіретін еліміздегі аса ірі зауыт болмақ. Оған қоса туризімді, мәдениет, спорт, әлеуметтік салалар да жоспарлы түрде жанданбақ. Осылай деген өңір басшысы сөз соңында Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыру басты міндет екенін және әрбір облыс тұрғыны Мемлекет басшысының халыққа деген қамқорлығын сезіне отырып, игілікті жобаларды жүзеге асыру жауапкершілігін түсінуі керектігін қадап айтты. Сонымен қатар, көпшілікке мемлекетіміздің өркендеп-өсуі, қарыштап дамуы жолында аянбай адал қызмет ету үшін сарқылмас күш-қуат тіледі.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Суретті түсірген автор