Игі істер бастауы

Уақыты: 19.10.2018
Оқылды: 1069
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Елбасының кезекті Жолдауы халықты бір серпілтіп, жаңа форматтағы жұмыс тәсіліне жол көрсеткендей болды.

Жолдауда аса зор мән берілгені «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының 2025 жылға дейінгі ұзартылуы болды. Атап айтқанда, жыл сайын 30 миллиард теңгенің бөлінуі, мемлекет бойынша 22 мың жаңа жұмыс орнын ашу жұмыссыздық деңгейін едәуір төмендетпек. 
Жолдауда аса зор мән берілген мәселе ауылшаруашылығын дамыту, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу, ұқсату болып табылады. Елбасы үкіметке өңдеу өнеркәсібін дамытуға 500 миллиард теңге бөлуді және ауылшаруашылығындағы басымдығы бар жобаларға 600 миллиард теңге көлемінде қолжетімді несие қарастыруды Ұлттық банкке тапсырғаны үлкен үміт ұялатты. 
Жолдауда көрсетілгендей, мектеп оқушыларын сұранысқа ие мамандықтарға мейлінше бейімдеу, кәсіби диагностика жүргізу қазіргі нарықтық қатынастың бірден-бір тетігі. Бұл да құптарлық іс. Сондай-ақ, ұстаздар мәртебесі туралы заң қабылдаудың үлкен жетістік болатындығы да рас. 
Денсаулық – зор байлық. Осы тұрғыдан алғанда Елбасы денсаулық сақтау саласына Жолдауда ерекше мән берді. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін  ауылдағы учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап кезең-кезеңімен 20 пайызға көбейтуді тапсырды. Осы мақсатқа 5 миллиард теңге бөлінетін болды. Спорт – денсаулық кепілі екенін баса айтқан Елбасы 100 дене шынықтыру кешенін салуды Үкімет пен әкімдерге қадап айтты. Бұл да өскелең ұрпақтың келешегіннің жарқын болуына жасалынған зор  мүмкіндік. Халық тұтынатын тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетін құруды міндеттеді. 
«Үйі жоқтың – күйі жоқ» демекші, Жолдауда  Елбасы  тұрғын үй қолжетімділігін     «7-20-25» бағдарламасы негізінде қолға алуды бастау керек екенін және баспанамен жастарды, жас мамандарды қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты. Елбасының   бастамасымен «Нұрлы жол» бағдарламасы іске асқалы 2015 жылдан бастап 2400 шақырым автокөлік жолдары салынса, 2020 жылға дейін қосымша 4600 шақырым жолдың пайдалануға берілетіндігі қуантады. Жергілікті жол инфрақұрылымын дамытуға 150 миллиард теңге бөлініп отыр. Ал елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз  етуге 100 миллиард теңге бөлінетіндігін ескерсек, даму көрсеткішінің сапалы екеніне көз жеткіземіз.
«Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларының 2025 жылға дейін ұзартылуы халық үшін жасалған игілікті істің жалғасы. Жолдауда көрсетілгендей, халықтың қауіпсіздігі тұрмыс сапасының ажырамас бөлігі. Қылмыспен күресте құқық қорғаушылар әрқашан алдыңғы шепте жүреді, көбіне өз басын қатерге тігіп, азаматтарды қорғайды. Әрине, бұл салаға да жаңа реформалардың қажет екенін Елбасы атап өтті. Полиция қызметкерлерінің жалақысын көбейту мен оларды тұрғын үймен қамтамасыз етуді қолға алуды да тапсырды. 
Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының көптеген игі істердің бастамашысы болғанын айта келіп, келесі 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауы тегін емес. Жастарды отансүйгіштікке, адалдыққа тәрбиелеп, ел мен жерін сүйе білуге бейімдеу қажет. 
Жолдауда көрсетілген мүмкіндіктерді пайдалана отырып ел бірлігін қалыптастырып, уық болып шаншылып, кереге болып керіліп, шаңырақты шайқалтпау өз қолымызда екенін ұмытпайық, ағайын! Елбасы Жолдауына қолдау көрсетіп, айтылған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, еңбек көрігін қыздырайық. Жүйелі жұмыс ұйымдастырып, ұлы көштен қалмайық.
 
Б. Бирбаев,
облыстық мәслихаттың депутаты