Туризм - табыс тетігі

Уақыты: 22.10.2018
Оқылды: 1250
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған Көрме кешенінде Елбасы Жолдауындағы міндеттер мен цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «ZhetysuTravel» халықаралық туристік форумы өтті. Шараға Қытай, Испания сияқты алыс-жақын шетелдерден келген сарапшылар және өңірлердегі туризм басқармаларының өкілдері қатысты.

Жиын облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың алғысөзімен ашылды.  
– Талдықорғанда тұңғыш рет өтіп отырған «ZhetysuTravel» халықаралық туристік форумы облысымыздың туристік әлеуетін арттыруға, инфрақұрылымын дамытуға өзінің зор ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Елбасы өз Жолдауында сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлуді және салалық мемлекеттік бағдарлама қабылдауды тапсырған болатын. Осыған орай мемлекеттік бағдарлама жобасына Алакөл көлінің жағалауы, Іле Алатауының тау кластері, Шарын шатқалы сияқты облыстың ірі туристік рекреациялық аумақтарын дамыту бағытындағы ұсыныстар енгізіліп, жоспарлары әзірленіп жатыр, – деді Лаззат Махатұлы.
Өз кезегінде сөз алған Қытай Халық Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің Орта Азиядағы өкілі Ван Шулинь аталмыш шараға шақырған ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, екі ел арасындағы мәдени-туристік байланыстарды нығайту жайына тоқталды.
Осыдан кейін Қазақстан Туристік қауымдастығының атқарушы директоры, Қазақстандық қонақүйлер мен мейрамханалар қауымдастығының президенті Рашида Шайкенова отандық туризмнің алдында тұрған бірнеше мәселені тілге тиек етті. Жиын соңында туристік ұйымдар мен сала мамандары «Туристік өнімдерді ілгерілету құралдары», «Туристік өнімді цифрландыру: коммуникациялар» тақырыбында әңгіме өрбітті.
Форум «Жастар» спорт сарайында өткен «Тойқазан»  ұлттық тағамдар фестивалімен жалғасын тапты. Жиында облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов сөз алып, өңірімізде алғаш рет өтіп жатқан ұлттық тағамдар фестивалінің мән-маңызын айтып, шараға жиналған қауымға алғысын білдірді. Осыдан кейін жұртшылыққа облысымыздағы кондитерлік орталықтардың дайындаған ұлттық тағамдары ұсынылды. Сонымен қатар, қолөнершілер мен өнерпаздардың көрмесі ұйымдастырылды. Шара соңында «Қуатымыз бірлікте» атты Ассамблея шеруі, «Тойқазан таңы» театрландырылған қойылымы, Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының концерттік бағдарламасы көрсетіліп, спорттық жарыстар өтті.

Айдар ҚАЛИЕВ