ШИКІЗАТ ШЕТЕЛДЕ ЕМЕС, ӨЗІМІЗДЕ ӨҢДЕЛУІ КЕРЕК

Уақыты: 24.10.2018
Оқылды: 1049
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Владислав Косарев Көксу ауданының Балпық би ауылында болып, сайлаушылармен кездесті. Аудандық әкімдікте өткен жиынды Көксу ауданы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Кененбаев ашып, халық қалаулысының көпшілікпен жүздесуіне Елбасының жуырдағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған Жолдауының арқау болып отырғандығын жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған Владислав Борисович Елбасы Жолдауының халықтың тұрмысын, әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанын атап өтіп, осы орайдағы ой-тұжырымын жеткізді.

– Елбасы халықтың қамын ойлап, әсіресе, төменгі жалақы алатындардың еңбекақасын 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды. Демек, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге артады. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкердің де еңбекақысы 35 пайызға өспек. Осылайша халықтың тұрмысын жақсартуға баса назар аударылуда. Менің көзқарасым бойынша, қоғамда байлар мен кедейлердің болуы дұрыс емес. Адамдардың бәрі тең дәрежеде өмір сүруі керек, сонда қарама-қайшылықтар болмайды. Бірінші кезекте білім, денсаулық сақтау саласын көтерейік. Бірақ, бұл тұста тек мемлекеттің қаржысына иек артуға болмайды. Иә, мемлекет адамның тегін білім алып, ары қарай табыс тауып, жұмыс істеуіне жол ашып беруі керек. Бірақ, өмір бойғы шығынын көтере алмайды ғой. Сондықтан ары қарай адамның өзі талпынып, кәсіп ашып, өзін-өзі қамтып, мемлекетке белгілі бір дәрежеде пайда әкелуі қажет. Қазақстан – бай мемлекет. Бізде бәрі бар, мұнайымыз да, алтынымыз да. Ендігі ретте, Елбасы айтқандай, шикізатты шетелге өткізбей, өзіміз өндеуіміз қажет. Мәселен, терінің өзінен қаншама бұйым шығаруға болады?! Ал, біз оны қор қылып, шетелдіктерге өткіземіз немесе лақтырамыз. Бар нәрсені ұқсатып, бұйым жасап, пайдалана алмаймыз. Ендігі кезекте осы тұрғыдан әрекет етуміз керек, – деді ол.

Депутаттың жұртшылықпен кездесуінде еліміздің дамуына, ауыл халқының жақсы өмір сүруіне негіз болатын келелі әңгіме айтылып, өзекті мәселелер көтерілді. Жиналған қауым халық қалаулысының әрбір айтқан сөзін  жылы қабылдады.

Бұдан соң Владислав Косарев Көксу қант зауытында болып, оның жұмысымен танысты. Мұндағы еңбеккерлермен сөйлесіп, жағдайларын сұрап білді. Қызылшаны қабылдап алудан бастап жуылып, өңделіп, қант болып қапқа тиелгенге дейінгі жұмыс барысын көзбен көріп, еңбеккерлердің жұмысына жеміс тіледі.

                                                                  Алма ЕСЕНБАЕВА

Көксу ауданы

Алматы облысы