ЛАТЫН ГРАФИКАСЫНДА ҚАЗАҚ ГАЗЕТІ ШЫҚТЫ

Уақыты: 06.11.2018
Оқылды: 1683
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында латын әліпбиінде жарық көретін «Til-Qazyna» республикалық ақпараттық-танымдық газетінің таныстырылымы өтті.

Жаңа әліпбиде жарық көріп отырған тұңғыш басылым қараша айынан бастап айына екі мәрте басылады. Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 19 ақпандағы №637 Жарлығында бекітілген латын негізді қазақ әліпбиін насихаттайтын, жаңа әліпбиге қатысты ақпаратпен, танымдық материалдармен бөлісетін бірегей басылым болмақ.
Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы қатысып, газет ұжымын және оның шығуына ұйытқы болып отырған Тіл саясаты комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Til-Qazyna» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына алғысын айтып, құттықтады.
Жаңа басылымның алғашқы санымен танысқан қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков газеттің толықтай жаңа әліпбиінде жарық көруін құптады.
– Латын әліпбиіне көшу туралы мәселе сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көтерілген болатын. Сол кезде Елбасымыз: «Оның өз уақыты келеді», – деген еді. Міне, сол уақыт бүгін келді. Біздің кириллицаға үйреніп қалғанымыз соншалық, латын әліпбиіндегі мәтінді оқу қиынға соғатындай көрінетін. Бірақ олай емес екен. Мына газетті ежіктемей жап-жақсы оқып отырмын. Бізге латын әліпбиі оралды. Құтты болсын! – деді Мырзатай Жолдасбеков.
Газет таныстырылымы барысында өткен ғасырда латын әліпбиінде жарық көрген қазақ басылымдарының тарихына шолу жасалып, жүргізіліп жатқан жұмыстар барысы пысықталды. Сонымен қатар, газеттің алдағы уақыттағы бағыты талқыланып, бүгінгі қоғамның күн тәртібінде тұрған емле мәселелері жайында ұсыныс-пікірлер тыңдалды.

Олжас СӘНДІБЕК
Астана