БҮГІН - АЛАШОРДАШЫ ЖАҚЫП АҚБАЕВТЫҢ ТУҒАН КҮНІ

Уақыты: 07.11.2018
Оқылды: 1753
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін - Жақып Ақбаевтың дүние есігін ашқан күні. Ұлт қайраткері осыдан 142 жыл бұрын Алаш арыстарының рухани қаласына айналған Семей өңірінде, Қарқаралы уезінде туған. Омбы, Том және Санкт-Петербург қалаларында білім алған, мамандығы - заңгер. Қазақтан шыққан тұңғыш заң ғылымдарының магистрі.

Жақып Ақбаев - қазақ халқының мүддесі жолында отарлаушы мемлекет мінберінде тайсалмай сөз сөйлеген, ұлтының ертеңін ойлаған қайраткер. Әр жылдары саяси қызметтерге араласып, отарлаушы Патша билігіне қарсылық танытқан қайсар азамат. Осындай істері үшін талай мәрте қуғындалды да. Кеңес кезінде де жауапқа тартылып, жазықсыз жапа шекті. Ол патша әкімшілігінің озбырлық, зорлық-зомбылық, зымияндық саясаты, шенеуніктердің парақорлығы, жер мәселесінің ушығуы сияқты мәселелерді көтерген.

1917 жылғы шілде айында болған Жалпықазақтық съезінде депутаттыққа ұсынылып, Алашорда үкіметінің мүшелігіне өтеді. Кеңес кезінде біраз уақыт Семей халық сотының мүшесі болады, Қарқаралы уездік халыққа білім беру бөлімінде қызметтер атқарады. Ақбаев басқа да Алаш қайраткерлері сияқты сталиндік зобалаңға түсіп, Воронежге жер аударылып, ол жақтан ауруына байланысты елге қайтарылып, 1934 жылы 4 шілдеде Алматыда көз жұмған.

Ұлт қайраткері отбасы-неке құқығын зерттеп, баспасөз бетінде публицистикалық материалдар жариялады. Қазақтың әдет-ғұрып, неке-отбасы мәселелері туралы көптеген еңбек жазды. Абай ауылымен қоңсы қонып, жастайынан ұлы ақынның өлеңдерін жаттап өсті. 1909 жылы Абай жырларының Петербургте кітап болып шығуына қолғабыс жасады. «Қазақстандағы семья-неке қатынастары», «Қазақтың шығу тегі туралы» деген сынды бірқатар ғылыми еңбек жазған.

(Мәліметтер "Уикипедия" ашық энциклопедиясынан алынды).

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"