"ДИМАШ" САЯБАҒЫ САЛЫНДЫ

Уақыты: 19.12.2018
Оқылды: 2726
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазыбек бек бекетінің тұрғындары бір күнде үш бірдей қуаныштың куәсі болды. Үлкен қаладан да, аудан орталығынан да шалғайда, теміржол бойында орналасқан елді мекенде саябақ пен футбол алаңы ашылып, полицияның тірек пункті пайдалануға берілді. 

Осы ауылдың өсіп-өркендеуіне Сәбетбек Еркінбайұлы ұзақ жылдан бері үлкен үлес қосып келеді. Осындағы шаруашылықтың басшысы ретінде мал басының өсіп, ауылшаруашылығының табысын тасқындатуға өзінің іскерлік қабілеті мен өмірлік бай тәжірибесін жұмсаған ел ағасының өңірді дамытудағы еңбегі көпке үлгі. Бұл жолы ол өзінің демеушілігімен көзтартар «Димаш» саябағын салғызып, халық игілігіне ұсынды. Кәсіпкер аумағы екі гектар болатын сейілдеу орнын жерлестеріне «Туған жер» бағдарламасы аясында тарту етті. Ішіне ағаш көшеттері отырғызылып, балалардың ойын алаңы қарастырылған. Үлкен және кіші футбол алаңдары мен сахнасы бар. Саябақ лентасын аудан әкімі Бағдат Әлиев пен «Р-Күрті» ЖШС төрағасы Сәбетбек Еркінбайұлы қиып, ақжаулықты әжелер шашу шашты.
Учаскелік полиция тірегінің ашылуы да тұрғындардың көптен күткен қуанышы болатын. Өйткені олар енді тәртіп сақшысын кез келген уақытта сол жерден табады. Бұл халыққа ыңғайлы. Қызмет орны мен тұрғын үйі бір шаңырақтың астында болуы инспектордың өзіне де өте қолайлы. Полиция тірегінде қоғамдық тәртіпті қадағалау мен қылмыстың алдын алуға барлық жағдай жасалып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, мектеп жанынан салынған балалар футбол алаңының пайдалануға берілуі де сол күнгі жайдарман жаңалықтың бірі. Жасанды көгалмен жабдықталған алаң балалардың спортпен шұғылдануына әрі тұрғындардың саламатты өмір салтын ұстануына арналып отыр.
1961 жылы үлкен шаруашылық болып құрылған елді мекенде Тәуелсіздік алғалы халық саны едәуір өсіп, әлеуеті  артты. Қазір халқының саны жеті мыңның айналасында. Кейінгі жылдары мұнда заманауи ғимараттар бой көтерді. Бекетте күрделі жөндеуден өткізілген орта мектеп, отыз төсектік ауылдық аурухана, екі мемлекеттік, бір жекеменшік балабақша, байланыс бөлімшесі, дүкендер, мейрамхана халыққа қызмет көрсетеді. Теміржол мекемелері, «Р-Күрті» ЖШС мен шаруа қожалықтары, мәрмәртас зауыты сияқты кәсіпорындар жұмыс істейді. Өткен жылы Алматы қаласына жолаушылар пойызы бағыты ашылған.

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Қазыбек бек бекеті
Жамбыл ауданы