ТАРИХТЫҢ КӨЗІ, ШЕЖІРЕНІҢ ӨЗІ

Уақыты: 22.12.2018
Оқылды: 1339
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қалалық ардагерлер ұйымының кезекті пленум отырысы өтті. Жиынға қала әкімі Дастан Шалтабаев, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрғасы Мұрат Қалық және шаһар ардагерлері қатысты.

Ардагер ата-апаларымыз жас ұрпақты тәрбиелеуде  ұшан-теңіз шаруа атқаруда.  Оқу орындары, мектептер тәрбиенің бастауы.  Ардагерлер өскіндер тәрбие алатын білім орындарында болып, қазақы салт-дәстүрді жастарға үйретуде. Бүгінгі жат ағымдар белең алған шақта ұл-қыздарды  ұлттық дәстүрге бейімдеудің атқаратын рөлі зор.  Кезінде белді қызмет атқарған аға буын білім-біліктерін өзінен кейінгілерді ғибратты жолға салу үшін пайдалануда.  Ұстаздармен бірлескен жұмыс нәтижесін беруде. Біз тілшілер қауымы да осындай игі істердің талайына куә болдық. Әсіресе,  балалардың күшімен қойылған сахналық көріністер ұлттық салт-дәстүрдің өлмейтіндігінің дәлелі. Осының басы-қасында ардагерлер ұйымындағы ұлағатты жандар жүрді.  Айта кету керек, біздің «Жетісу» газеті  ардагерлер ұйымы өткізген «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы бойынша жүргізген тағылымды шаралардың барлығын дерлік газет бетіне жариялап отырды. Пленумда  осы күнге дейін атқарған шаралар мен алдағы жұмыстар кеңінен сөз болды. Бұл орайда қалалық ардагерлер кеңесінің төрғасы Мұрат Шаяхметұлы  баяндама жасады.  Ол тәлімдік жұмыстарын  «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат», «Өмір – үлкен мектеп» және кейінгі төрт жылда «Ұлы Дала – барша қазақтың қара шаңырағы, мәңгілік елдіктің, азаматтық сәйкестіктің берік іргесі» атты үш бағдарламамен жүзеге асыруда. Сондай-ақ, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын халыққа  түсіндіріп, Астана қаласының 20 жылдығы аясында қоғамдық-саяси шаралар ұйымдастырған.
«Жыл бойы осы үш бағдарламаны іске асыруда 50-ге жуық іс-шара өткізілді. Атап айтқанда, қала тұрғындары мен мектеп оқушылары, жоғары және орта буынды даярлайтын оқу орындары, қала маңындағы ауыл жұрты, сондай-ақ, кәсіпкерлер, әскери мамандардың қатысуымен конференциялар, «дөңгелек үстел», ашық сабақтар, мүшәйралар және тағы басқа кездесулер өтті. Мұндағы біздің басты мақсатымыз – тұрғындардың бірлігін нығайтып, берекелі өмірге шақыру», –  деді Мұрат Қалық.
Сонымен қатар, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде айтылған іс-шараларды жүзеге асыру барысында жұмыс-бағдарламаларының жасалып жатқанына тоқталды.   «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында келер жылға арнайы жобалар дайындауда. Яғни мұнда әлеуметтік желілер арқылы ардагерлер туралы мәліметтер жинақтау көзделген. 
Өз сөзінде қалалық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Айтмұхамбет Ерасылов 2019 жылда атқарылатын ұйымның жұмыс жоспарына тоқталды. Атап айтсақ, ардагерлер келер жылы да Елбасының Жолдауларын, мақалаларын қала тұрғындары арасында насихаттау,  зейнеткерлердің әлеуметтік құқықтарын қорғау, жастар  арасындағы тәрбиелік жұмыстарды ұлттық идеологиямен қамтамасыз ету және ардагерлердің қатарын толықтыру, оларды қоғам жұмысына тарту сынды жұмыстарды жүзеге асырмақ.
Ал өз кезегінде сөз алған Ғалиасқар Төлендіұлы ұйым жұмысын жоғары бағалап, алдағы істеріне сәттілік тіледі. Келер жылы  ардагерлердің электронды базасы ашылатынын айтты. Сонымен қатар, ардагерлер ұйымының жұмыс істеуіне мүмкіншілік жасау барысында қолдаудың кең көлемде жасалатынын айтты. 
Жиын соңында Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев:
«Ардагерлер ұйымының мүшелері қаламыздың қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып келеді. Біз әрқашанда өмірлік тәжірбиесі мол аға буынды үлгі тұтып, келелі істі бастауда өздеріңізбен кеңесіп отырамыз. Сіздер жүріп өткен жол – жастарымыз үшін үлкен мектеп. Ел бірлігі мен тұтастығына Ұлы Даламыздағы өркениетті істерге қосар үлестеріңіз мол болсын. 
Шаһар басшысы Дастан Тұрарбекұлы ардагерлердің тарихтың көзі, шежіренің өзі екенін айта келіп, ол кісілердің көмегімен өткенімізді зерделеп, алдағы күнімізді жарық ету барысында көптеген жұмыс атқаруды көздейтінін жеткізді. Қарты бар ел – қазына. Ендеше, қазыналы қарттарымызды қастерлейік! Ел басынан өткен күндердің куәсі болып, жастарға тәрбиесін беріп, арамызда аман-сау жүре берсін.

Гүлжан ТҰРСЫН