Тілеуқабыл МЫҢЖАСАР: "КҮНТІЗБЕНІ АУЫСТЫРУ КЕРЕК"

Уақыты: 29.12.2018
Оқылды: 2059
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақ телевизиясының майталман журналисі Тілеуқабыл МЫҢЖАСАР әлемге ортақ Григориан күнтізбесін ауыстыру қажет деп есептейді. "Бүкіл құжат қағаздары, әлемдік уақыт жүйесі Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына негізделіп, жаңа күнтізбе құрылса, сонда көңілге қонымды болар еді. Жер-әлем түлеген, табиғат жаңарған шақ көктемнің алғашқы айы Жаңа жылға сұранып тұр ғой", - дейді ол. Бірақ...

Журналистиканың абызы халықтың санасына Жаңа жыл мерекесі орнығып қалғанын айтады. Оны өзгерту өте күрделі шаруа әрі іске асуы да екіталай. Сондықтан, күнтізбені ауыстыру ісін жылы жауып қойып, берекелі, мерекелі Наурызды насихаттауды жалғастыра берген жөн. Өз ойын осылай өрбіткен Т. Мыңжасар "Осы істі бірінші болып өзіңіз қолға алсаңызшы" деген біздің сауалымызға: "Ары кетсе 33 жыл ғұмырым қалды. Көтере алмайтын ауыр шоқпарды беліме байлап қайтемін?" - деп күле жауап қатты.

- Аға, қойыңыз, 33 жыл өте аз ғой.

- Жоға, 33 жылдан кейін жүз жасқа келемін. Жетеді сол. Жапонияда жүзден асқан милиондаған қария бар екен. Қазіргі таңда жүзден асқандар Жапонияда үлкен мәселеге айналыпты. Немере-шөберелер құбыжық деп қорқып, жоламайды екен. Жайдан-жай жүреді, денесін ұстауға қорқасың. Оданша... - дейді Т. Мыңжасар.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"