Амандық БАТАЛОВ: "ӘР ҚУАНЫШТЫҢ БАСЫНДА ҚАРИЯЛАР ТҰР"

Уақыты: 29.12.2018
Оқылды: 1829
Бөлім: КҮНДЕРЕК
Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ ардагерлермен кездесті. Жыл сайын жалғасатын дәстүрлі шара Алматыдағы "Қазақстан" қонақ үйінің салтанат залында өтті. Кездесуге Жетісу өңірінің гүлденуіне үлес қосқан белгілі қоғам қайраткерлері мен еңбек ардагерлері қатысты.
Салтанатты шара Алматы облысының Құрметті азаматы, қазақ киносында қайталанбас рөлдерімен есте қалған актер Әлімғазы Райымбековтің ақ батасымен ашылды. Дәстүрлі кездесуге жиналған ардагерлерге шын жүректен алғыс білдірген облыс әкімі Амандық Баталов:
- Тәуелсіз еліміз өркендеп келеді. Жетісу жері мен мемлекетіміздің дамуында сіздер қосқан үлес пен үлкен қажыр-қайрат жатыр. Бір кездері сіздер жүріп өткен жол, сіздер қалдырған қолтаңбалар тарихқа айналары сөзсіз, - деді. Сонымен қатар, облыс басшысы аймақтың 2018 жылғы жетістіктеріне тоқталып: "Өнеркәсіп пен аграрлық саладағы табыстарымыз мол. Мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау және тағы басқа салаларда оң нәтижеге қол жеткізілді. Биылдың өзінде өңірде 147 білім беру нысаны, оның ішінде, 8 орта мектеп және 139 жекеменшік балабақша қолданысқа берілді. Облыс орталығы Талдыорғанда 1200 оқушыға арналған екі бірдей жаңа мектеп, драма театрының жаңа ғимараты, музыка мектебі сынды жаңа нысандар ашылды. Әр қуаныш пен жақсылықтың басында үнемі сіздер тұрасыздар", - деді.
Амандық Ғаббасұлы халықтың тұрмысын жақсартуға, әлеуетін арттыруға бағытталған Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы», ұлттық тарихымызды, өткеннен үлгі алып, жарқын болашақты көрсететін «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланғанын, алдағы уақытта да атқарар іс-шаралар, жоспарлар мол екендігін атап өтті. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, сол істерді де сіздердің  ақылдарыңызбен жүзеге асыратын боламыз. Сондай шуақты, берекелі күндерге аман-есен жетейік!"- деді облыс әкімі.
Өз кезегінде Кеңес Аухадиев, Темірхан Досмұхамедов, Серік Ақылбеков, Едіге Жүнісбеков, Наурыз Қылышбаев бастаған ардагерлер облыс көлемінде атқарылып жатқан игі істерге ризашылық білдіре отырып, жаңа жылда да Жетісу өңірі осы қарқынмен дами беретініне сенім білдірді.
Шараға арнайы шақырылған өнер майталмандары ардагерлер құрметіне арнап ән-күйден шашу шашты. Айта кетейік, қариялар бас қосқан алқалы жиында Жетісудың жетістіктері таныстырылды. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім бүгінде 3 трлн. теңгеге жете-қабыл. Жалпы республикалық деңгейдегі үлесіміз 4,4 пайызға дейін өсті. Инвестициялық жобалар портфелінде құны  5,7 трлн. теңге болатын 306 жоба бар. Олардың  9-ы трансұлттық, ал 44-ті шетелдік компаниялардың қатысумен іске асырылады. Ал өңдеу секторының үлесі 86 пайызға жетіп отыр. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
 
Болат МӘЖИТ
Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ
"Жетісу"
Алматы қаласы