АУЫЛҒА РОБОТ КЕЛДІ

Уақыты: 04.01.2019
Оқылды: 1482
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Сарыжаз ауылында өткен жылы 600 орынды заманауи мектеп ғимараты пайдалануға берілген болатын. Енді міне, сол жарқырап, жайнаған мектепке ақылды робот техникасы келді. Атап айтқанда, ұлағатты ұстаз Жұман Үсенұлы атында робототехника кабинеті ашылды.

Бүгінде 85 жасқа келген Жұман ата жұбайы, «Алтын алқалы» ана Кеуерхан Мамырхановамен 10 ұл өсіріп, тәрбиелеген. Ел мен жерін сүйген, туған ауылын ардақтап, білім алған мектебін құрметтеген ұрпағы мектепке осындай сый жасауды жөн көріпті.

– Балаларымыз бақытты болсын! Заманымыз тыныш болсын! Өсер ұрпақтың өрісі кеңісін! – деді робототехника кабинетінің салтанатты ашылуында ұлағатты ұстаз, қадірменді қария Жұман Үсенұлы. Осынау қуанышқа ортақтасқан Райымбек аудандық білім бөлімінің басшысы Саят Үмбеталиев, «Қамқор-2» кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ұлықпан Әбеков, Албан Асан Барманбекұлы атындағы орта мектеп гимназиясының директоры Әділжан Нөкеев сөйлеп, құтты болсын айтты.

– Осы бір қасиетті топырақта жаралған соң құр алақан отырмайық дедік. Жас ұрпағымыз роботтың не екенін біліп өссін. ХХІ ғасыр – озық технологияның заманы. Жастарымыз уақыт талабына сай білім алсын. Мектебімізден айтулы азаматтар шықсын, – деді аталған кабинеттің ашылуына негіз қалаған Бақыт Үсенов. Білім ордасының информатика пәні мұғалімі Бағлан Сыбанбаев кабинеттегі жаңа дәуір жауһарларымен таныстырды. Шағын көлемді ақылды робот техникалар әр түрлі шаруа атқаруда.

Ғылым мен техника жетістігіне қарап бой түзеп өссем деген оқушылар үшін бұл тамаша тарту болды. Сол үшін де ұлағатты ұстаз Жұман Үсенұлының ұрпағына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы