ЖАСТАР ЖЫЛЫ: 10 ГЕКТАР ЖЕР БЕРІЛЕДІ

Уақыты: 28.01.2019
Оқылды: 1564
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жастарға қызмет көрсету орталығында облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ қатысуымен «Жастар. Жігер. Жаңғыру» тақырыбымен Жастар жылының өңіріміздегі салтанатты ашылу жиыны өтті. Шараны І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыс нәтижелерін коммерциялау офисінің директоры Дамир Дигай жүргізді.

Алғашқы болып сөз алған Ескелді аудандық ауруханасының дәрігері Дархан Нұрмадиев өзінің еңбек жолын «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында ауылды жерден бастап, мемлекеттің нақты қолдауын көріп отырғандығын жеткізді. Елбасы жастармен жүздесуінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына енгізілетін мамандықтардың тізімін кеңейту және ауылға көшіп барғаны үшін төленетін жәрдемақы мөлшерін 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру туралы тапсырма бергені еңбек жолын ауылды жерден бастауды жөн көретін жастар үшін үлкен қолдау болатынын әңгімеледі.

Келесі кезекте 2018 жылдың «Жомарт жүрек» байқауының қорытындысы бойынша «Жыл меценаты» номинациясының иегері атанған Қаратал ауданындағы «Бақыт-Қаратал» ЖШС басшысы Серікжан Жексембиев сөз алып, өзі басқаратын шаруашылықта майбұршақ, арпа сынды дақылдар егіп, төрт түлік малды өрістетіп, 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын ортаға салды. Ал «Жетісу еріктілері» ұйымының белсенді мүшесі Жазель Дакубаева Елбасының студенттерден құралған еріктілердің шәкіртақысын 30 пайызға көтеретіндігі жақсылық жасауға ұмтылғыш жастар үшін зор көмек екендігіне тоқталса, Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының орынбасары Виктор Сосин ІТ саласында білімді дамыту турасындағы ойымен бөлісті.

Қазақстан Республикасының бокстан спорт шебері, Венгрияда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Анель Құдайберген: "Спорт – мәдениет, күрес, қозғалыс. Спорт – мен үшін өмір. Он үш жасымда бокс залына барып, қыз бала үшін таңсық осынау спорт түрімен айналысып, көптеген жарыстарда жеңімпаз атандым. Былтыр Түркияда өткен халықаралық жарыста алтын медаль иелендім. Бұл менің осы Жастар жылына деген тартуым болсын", – деді.

Әр салада табысқа жетіп, бүгінде облысымыздың ғана емес, еліміздің де мақтаныныша айналған жастармен болған жарқын жүздесуде облыс әкімі А. Баталов сөз алды.

– Қымбатты жетісулық жастар! Сіздерді Жастар жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Биылғы жылдың «Жастар жылы» аталуының тарихи мәні зор. Мұны Елбасының жастарды жанды қолдауы, жастарды жаңа дәуірдің жаршысы, мемлекетіміздің болашағы ретінде жоғары бағалауының нәтижесі деу керек. Елбасы өз сөзінде: «Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз», – деп атап өтті. Жастардың еркін ойы, жалын-жігері, батыл бастамалары –мемлекетіміз үшін аса қажет. Жастардың жан-жақты білім алып, өздерін шығармашылық тұлға ретінде дамыту мүмкіндіктері мол. Кəсіпкерлікпен айналысуға, мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға, еңбекке араласуға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған.

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы – 2020», «Дипломмен – ауылға!», «Серпін – 2050», «Жасыл ел» жобалары жастар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашып берді. Жалпы бүгінгі жастардың білімге, еңбекке деген құштарлығы, шет тілдерін меңгеруге, инновацияны үйренуге, жаңа жобалар әзірлеуге деген талпыныстары мені қуантады.

Қазіргі кезде жастар облыста халықтың үштен бірін құрайды  (408 мың 218 жас), яғни, өңірдегі әрбір үшінші адам – жастардың өкілі. Бұл – үлкен күш, зор әлеует. Сондықтан, осы әлеуетті ел игілігіне жарату үшін жастар әрдайым алға жылжып, үнемі ізденісте болуы, жаңалыққа ұмтылуы қажет, – деді Амандық Ғаббасұлы.

Облыс әкімі Елбасы тапсырмасына орай «Жетісу жастарының жарқын істері» атты жұмыс жоспары әзірленіп, бекітілгендігін атап өтті. Соған орай әр аудан орталықтарында Жастарға қызмет көрсету орталықтарының салынатындығын, ауылшаруашылығын дамыту мақсатында әрбір Жастар ресурстық орталығына 10 гектар жер бөлініп берілетіндігін, 2020 жылға дейін 2 мың орынды студент жатақханалары тұрғызылатындығын жеткізді. Мұнымен қатар, жастарды арендалық баспанамен қамту, «Бастау-бизнес» жобасы аясында оқыту, «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша микроқаржыландыру мәселелері шешімін табатындығын алға тартты.

Шара соңында облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт бата беріп, Жастар жылында атқарылатын істердің баянды болуын тіледі.

                                                              Алма ЕСЕНБАЕВА

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы