МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР ЕСЕП ШЫҒАРДЫ

Уақыты: 29.01.2019
Оқылды: 1130
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалы Текелі қаласында «Development day» атты семинар өткізді. Семинарға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің өкілдері, «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мүшелері және мемлекеттік қызметшілер қатысты.

Біліктілігін арттырушылар ақпаратты үш бағытта алды және «АГУ Quest» ойыны түрінде қабылдады. «А» – мемлекеттік қызметттің атмосферасы, «Г» – идеяларды дамыту, «У» – өзгерістерді басқару.

- Семинар-тренингтің мақсаты – мемлекеттік қызметшілер, арнайы мониторинг топтар, қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен оқытудың жаңа форматын ұсыну. Семинар дәріспен ғана шектелмей, тренинг, ситуациялық есептер шығарумен ерекшеленеді. Қатысушыларға академияға түсу мүмкіндіктері бойынша ақпарат беріп жатырмыз. Өз кезегінде ол мемлекеттік қызметшілердің жеке құзыреттіліктерін дамытуға ықпал етеді, – деді ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалының директоры Қазбек Шакишев.

Бірінші кезең мемлекеттік қызметшілерді еркін ойлауға, жоспарларын жүйелеуге үндейді. Әрі инновациялық атмосфераның құпияларын ашатын дәріс түрінде өтеді. Ал екінші кезең әртүрлі жаттығу арқылы іс-әрекеттің тиімділігін арттырады және практикалық психологиялық дағдының дамуымен пайда болған мәселелерді шешуге көмектеседі. Үшінші кезең біліктілігін нығайтуға және оны іске асыруға бағытталған.

Қашықтықтан оқыту алғаш рет Текелі қаласынан басталып отыр. Келешекте осындай семинар-тренинг аудан, қалаларда жалғасын таппақшы.

Мәулен ӘНЕРБАЙ,

«Жетісу»

Текелі қаласы