ЖАСТАР ЖЫЛЫНДА ЖАҢА БАСШЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Уақыты: 01.02.2019
Оқылды: 1654
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыс әкімі Амандық Баталовтың өкімімен Жомарт Қаратас облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы болып тағайындалды. Жастарға қызмет көрсету орталығында өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев қатысып, жұртшылыққа жаңа басшыны таныстырды.

Ақан Жылқышыбайұлы тағайындау шарасында сөйлеген сөзінде:

– Құрметті қауым, сіздер Жомарт Мандатұлын жақсы білесіздер, осы жерде жұмыс істеген. Сондықтан, бүгінгі күннен бастап бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қоғамдық шаруаға белсене араласасыздар деп ойлаймын. Аймақта атқарылатын жұмыстар көп. Жастар жылында сіздерге жүктелген жауапкершілік екі есеге артады. Күні-түні тынбай еңбек ету керек. Басшы болу деген оңай шаруа емес. Басшы мықты болса, қызметкерлер де мықты болады. Ынтымақ, бірліктерің ажырамасын. Жұмыстарың табысты, еңбектерің жемісті болсын, – деп ізгі тілегін білдірді.

Өз кезегінде сөз алған Жомарт Қаратас:

– Ең бірінші, үлкен сенім артып, жауапты істі жүктеп отырған облыс әкіміне алғыс білдіремін. Сіздерден үйренеріміз көп. Елбасының Жастар жылы деп жариялап, жастарға артқан сенімін ақтауға тырысамын. Облыстық жастар ресурстық орталығының атқарған жұмысы ұшан-теңіз. Әйтсе де алда жоспарланған жұмыстар көп. Өзіңіз айтқандай, тынбай еңбек етіп, жастарға қызмет көрсету орталығын дамытуға, алдағы жоспарларды толықтай орындап, сенімдеріңізді ақтау үшін бар күшімді саламын, – деді.

Жомар Мандатұлы 1988 жылы туған. І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-ды, Ө.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясын алғашқы әскери дайындық, заңгер, мемлекеттік жергілікті басқару мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысының орынбасары болып бастаған. Әр жылдарда «Жетісу жастары ұйымының конгресі» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының жастар ісі жөніндегі кеңесшісі, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның бас әкімші лауазымдарын атқарды. 2017 жылдың қаңтар айынан Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры директорының орынбасары қызметін атқарды.

Жиын соңында Ақан Жылқышыбайұлы жаңа тағайындалған басшыны қызмет орнына жайғастырды.

Айдар ҚАЛИЕВ,

"Жетісу"