ШАҢҒЫ БАЗАСЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 18.02.2019
Оқылды: 1438
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жексенбі күні сарқандықтар үлкен қуанышқа кенелді. Қыстың бір күнін салауатты спорттық мерекеге арнаған аудан тұрғындары Бақалы мен Черкасскі ауылдарының ортасындағы тауды бетке алды. Бұл күні Теректі өзенінің жағасында, тау бөкетерінде жаңа шаңғы базасы бой көтеріп, спортпен шұғылданам дегендерге құшағын ашты.

Елбасының "Рухани жаңғыру" мақаласы аясында «Туған жер» бағыты бойынша іске асып жатқан жобалар өте көп. Әр адам өзінің туған жеріне деген қамқорлығын аямай, халықтың игілігіне жарайтын түрлі жобаны іске асырып, елдің ықыласына бөленіп жүр. Сондай  жақсылықтың бірін «Аманат-А» ЖШС-нің басшысы Мәмбетәлі Әтешов өз ауылына жасап берді.

Мәмбетәлі Зияшұлы жас ұрпақты спортқа бейімдеу, оның ішінде қысқы спорттың дамуына үлкен үлес қосу мақсатында шаңғы базасын жасап берді. Осы шараның ашылу салтанатына орай Сарқан ауданы жексенбі күнді денсаулық фестиваліне айналдырды. Шаңғы базасының ашылу салтанатында аудан әкімі Марат Разбеков сөз сөйлеп, шараның шымылдығын түрді.

Марат Мелісұлы бүгінгі ашылып отырғын шаңғы базасы жеке кәсіпкердің туған жеріне деген шынайы махаббаты мен қамқорлығының белгісі екендігін айтып өтті. "Болашақ жастарымыздың салауатты өмір салтын ұстануына зор мүмкіндік туғызып отырғын жерлесіміз, ірі кәсіпкер, меценат, Бақалы ауылының тумасы «Аманат-А» ЖШС нің директоры Мәмбетәлі Әтешов ағамызға үлкен алғысымызды білдіреміз", – деді ол. Бұдан кейін ортаға «Аманат-А» ЖШС-нің директоры Мәмбетәлі Әтешов шығып, жүрекжарды тілегін ақтарды.

– Мен бұл істі қолға алғаныма үш жылдың көлемі болды. Жасым  қазір жетпістен асты. Үнемі қозғалыста жүремін. Спортты жас күнімнен бастап серік етіп келемін. Сенбі-жексенбі күндері Алматыға, Шымбұлаққа барып, шаңғы тебемін. Құздан төмен қиналыссыз шаңғымен еркін түсемін. Волейбол ойынын жақсы көремін. Спортқа ден қойғаным өзім үшін жақсы, денсаулығыма көп септігін тигізеді. Осы ретте  Шымбұлақта жүріп көп ойландым. Менің ауылым да мұндай мүмкіндікке ие. Ауылдың жастары да шаңғыға тұрса, ертеңгі біздің болашағымыз  жарқын, әр күніміз саламатты болады деген ой келді. Осы мақсатпен Бақалы мен Черкасск ауылының ортасынан 20 гектар жер алып, шаңғы базасын салдым. Бұдан мен мол пайда таппаймын, бірақ болашақ үшін ең құнды дүние болмақ, – деді ол.

Ағамыздың сөзін ризашылықпен тыңдаған сарқандықтар бөріктерін аспанға атып, шынайы қуанды. Риясыз көңілдерін білдіріп, бір-бірін құттықтап жатты.

Мұнан кейін аудан әкімі Марат Разбеков пен кәсіпкер ағамыз Мәмбетәлі Әтешов салтанатты түрде старттың қызыл нүктесін басып, шаңғы базасын іске қосты. Осыдан кейін шаңғы тебуге келген аудан жұрты тауға канаттық жолмен өрледі.

Шаңғы базасының аумағы 20 гектар. Қазіргі уақытта үш жолақ іске қосылды. Шаңғы трассасының ұзындығы 735 метр. Тюбиндік тарассаның ұзындығы 120 метр. Бұдан бөлек коньки тебуге арналған арнайы орын да бар. Алдағы уақытта шаңғы тебуге арналған тағы төрт жолақ түспекші. Жыл он екі ай үздіксіз жұмыс істейді деп жоспарлап отыр. Бұл жерден қырық адамға арналған қонақүй, арнайы сауықтыру кешендері, монша бой көтермек.

Мәмбетәлі Зияшұлы бұған дейін Теректі өзеніне ГЭС орнатқан болатын. Міне, сол бөгеттің арқасында Теректі өзенінің бойында үлкен көл пайда болды. Жаз кезінде осы көлді де демалуға пайдаланамыз деп отыр.

Шаңғы базасы стандартқа сай. Табиғаттың өзі арнайы жасап бергендей. Шаңғы спортынан жарыстың бірнеше түрін өткізуге қолайлы. Сноуборд тебуге де өте ыңғайлы. Алдағы уақытта бұл базада облыстық, республикалық жарыстарды өткізуге толық мүмкіндік бар.

Келген жұрт шаңғы теуіп, шанамен сырғанады. Оның сыртында арнайы ұйымдастырылған көңілді ойындар мерекенің шырайын келтірді. Мұнда аудандық мекемелер түрлі тағамдар пісіруден конкурс ұйымдастырса, мәдениет саласы ән айтудан байқау өткізді. Сахнаға шығып ән айтушылар қатары өте көп болды. Тау ішін жаңғыртқан әуезді әуен мен тамаша көңіл-күй сыйлады. Ал спорттық шараға қатысқандар қызыққа батты. Арқан тартыс, қол күрес, бұқа тартыс деген ойындарға келген жұрт белсене қатысты.  Осылайша бір күнді спорт шараларына арнаған Сарқан ауданының тұрғындары енді өзіміздің Шымбұлағымыз бар деп қуанышпен тарқасты.

                                                        Ришад Тұрғанбаев