13 ЖАСАР ОҚУШЫ ЕКІ БАЛАНЫ ӨРТТЕН ҚҰТҚАРДЫ

Уақыты: 18.02.2019
Оқылды: 1632
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Шымкент қаласы Абай ауданы Құрсай шағын ауданындағы жеке үйлердің бірінен өрт шығып, үш бала үйдің ішінде қалып қояды. Балалардың үлкені құтылып шығып, көршілерінен көмек сұраған. Сол сәтте көршінің 13 жастағы баласы жанып жатқан үйдің ішіне кіріп кетеді. Cол сәтте баланың анасы 112-ге хабарласып жатқан.

Жасөспірім 2013 жылы туған қыз баланы және 2015 жылғы ұл баланы үйден аман алып шыққан сәтте, тұрғын үй толық өртке ораныпты. Өрт шыққан кезде балалардың ата-анасы үйде болмаған. Мамандардың айтуынша, құтқарылған балалар қатты қорқып қалған. Бірақ жағдайлары қанағаттанарлық.

"Өрт туралы 2019 жылдың 16 ақпаны сағат 16.39-да Шымкент қалалық ТЖД шұғыл басқармасының 101 нөміріне хабарлама кеп түскен. Нөмірі 1-ші өрт сөндіру қызметінің арнайы отрядының жеке құрамы барлығы 14 адам Жаңақұрылыс көшесіндегі уақытша үйден шыққан өртті ауыздықтады.
Өрттің жалпы аумағы 60 шаршы метрді құрайды. Өрт сағат 18.30-да толық сөндірілді. Үйде ересектердің қарауынсыз үш бала болған. Өрттің шығу себебін мамандар анықтап жатыр", - деп хабарлайды Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті.

Дереккөз: NUR.KZ