ЗАМАНАУИ ЕСЕПТЕУІШТІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

Уақыты: 22.02.2019
Оқылды: 1625
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жаһандану кезеңіне сай әрбір технология сапалы, жаңарған, бұрынғы құрылғыларға қарағанда әлдеқайда тиімді, артықшылығы көп болуы қажет. Осындай құрылғының бірі – электр қуатын есептегіш. Алайда жаңа құрылғыны орнату барысында ел пікірі екіге жарылуда. Көпшілік түсінігінде бұл технология электр қуатын артығымен есептейтініне байланысты тұтынушының қалтасына салмақ салатын көрінеді.

Көпшілік бұрындары электр қуаты үшін аз мөлшерде ақы төлейтінін айтып, жаңа құрылғы орнатылғалы бері бұрынғы мөлшердің өсіп кеткенін айтып шағынуда. Алайда мұның артықшылығы, жекеменшік секторлардағы электр қуатын есептейтін құрылғылардың ескіргені, талапқа сай еместігі ескерілмей қалып отыр. Талдықорған электр желілері ауданы басшысының орынбасары Асылбек Нұрсалханов журналистермен болған жүздесуде осылай деді. Ол өз сөзінде, 40 жылдан бері қолданыста келе жатқан индукциялық есептегіштер әлі де қолданыс үстінде екенін жеткізді. Сонымен қатар, ескі құрылғыны қолдануға тиым салынғанын ескерті.

Ескі құрылғылар ток қуатын дұрыс есептемейді. Соның салдарынан тұрғындар бұрынғы төлемақыға әбден үйреніп қалған. Ал жаңа құрылғы десе, ең алдымен қалтаға салмақ салып, бұл салаға жауапты мамандар өзіне пайда түсіріп жатыр деген түсінікте пайым жасауға бейіл. Алайда іс мәнісі олай емес. Бұл тұрғыда жүздесу барысында жан-жақтылы баян еткен А.Нұрсалханов: «Жаңа құрылғының санау мүмкіншіліктері жоғары, яғни, өте сезімтал. Сондықтан да ол қосылмаса да қуат көзінде тұрған теледидар, ток шәугімі сынды  техникалардағы өрісті есептейді. Тіпті, азғантай күшті де есептей береді. Ал бұрынғы құрылғы ток келіп жатса да мұндай дүниені есептей алмайтын. Сол себепті әрбір электр тұтынушы техниканы өзі үйде болмаған жағдайда ток көзінен ажыратып кетсе, онда төлемақы жасау кезінде бұрынғыдай есеп айырысатын болады», – дей келе, көпшілік алаңдауын жақсы түсінетінін, алайда әрбір тұтынушы атап өткен заңдылықтарды сақтаса, мейлінше төлемақыны аз өтейтінін айтып өтті. Сонымен қатар, жаңа құрылғы орнатылғаннан кейін электр қуатын бақылаушы әрбір үйге ай сайын барып, көрсеткіштерді жазып жүрмейді. Барлық ақпарат жүйе арқылы деректемелер негізіне түсіп тұрады. Көрсеткіштерді жазып алу процесі уақытылы және нақты әрі анық жасалады. Ал электр қуатын тұтынушы интернет-банкинг арқылы төлем жасайды. Оған қоса, үнемі ақы төлемейтін тұтынушыларға шара қолданылып, абонент ақысын өтемеген жағдайда, бұл жүйе электр қуатын шектеуге немесе мүлдем өшіріп тастауға  мүмкіндік бермек. Одан бөлек, электр қуатын ұрлаған жағдайда немесе есеп құралының жұмысына тосқауыл қойылып, кедергілер жасалса, деректеме негізіне автоматтандырылған түрде дабыл қағылады.

"ТАТЭК" АҚ электр желілерін жаңғырту шеңберінде электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі (ЭКЕАЖ) бағдарламасын енгізуге байланысты кезең-кезеңімен Талдықорған қаласы тұтынушыларының қазіргі есептегіштерін PLC-модем аспаптарына ауыстыруда. Талдықорған тұрғындары үшін есептегіштерді ауыстыру тарифте қарастырылған "ТАТЭК" АҚ-ның инвестициялық капитал салымдарының есебінен жүргізіледі, яғни, қалалықтарға құрылғы үшін де, шебердің жұмысы үшін де қосымша ақы төлеу қажет емес.

Бүгінгі таңда мұндай жүйелермен Талдықорған қаласы абоненттерінің 40 пайызы жабдықталған. Сонымен қатар, биыл облыс орталығына қарасты Өтенай мен Еркін ауылдарын қамту жоспарда тұр. Ең алдымен ондағы трансформаторларды, ток жүретін желілерді ауыстыру көзделіп отыр.

Тағы бір назарға салатын жайт, осы салаға жауапты мамандар: «Ескі индукциялық есептегіштерде 10 немесе 16 ампер орнатылған. Олар 2 киловатт жүктемені ғана көтере алады. Мәселен, үйде қолданатын қысқа толқынды пеш 1,5 киловатты құрайды. Ал енді қазір көпшіліктің үйінде қысқа толқынды пеш, тоңазытқыш, теледидар, компьютер, су жылытқыш сынды тұрмыстық техникалар толып тұр. Мұның барлығы үлкен сыйымдылықты қажет еткендіктен, ескі индукциялық есептегіш құрал оны көтере алмайды. Содан барып өрт қаупі туындауы мүмкін. Халық осыны ескерсе екен», - деген тілектерін де атаусыз қалдырмады.

Жиын соңында электр желісінің өкілдері барша тұтынушыны бірауыздан заманға сай жасалған қондырғының орнатылуын қолдауға шақырды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ,

"Жетісу"