ОБЛЫС ӘКІМІ КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Уақыты: 22.02.2019
Оқылды: 1124
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ есепті кездесуде берген уәдесі бойынша жеке мәселемен келген бірнеше анамен жүздесіп, талап-тілектерін тыңдады. Қабылдау еркін ауанда өрбіді. Әкім қабылдау кезінде алдағы уақытта көпбалалы аналар мен мүгедек баласы барларға жан-жақты жағдай жасалатынын айтты. Мәселен, биыл іргетасы қаланатын әрқайсысы 60 пәтерлік екі көпқабатты үй тек баспана тауқыметін көріп жүрген отбасыларға арналып салынбақшы.

Қабылдаудағы аналардың біразы Талдықорған қаласында балалардың жүрек ақауын анықтайтын аппараттың жоқтығына налыды. Дүдәмал диагноз қойылғаннан кейін жас босанған ана баласын арнайы аппаратқа тексертіп, диагноздың анық-қанығына толық көз жеткізу үшін алып шаһар - Алматыға аттанады. Жол қиындығы мен жатын орын тауқыметін тартатын ананың хал-жайы ары қарай белгілі. Осы орайда облыс әкімі Амандық Баталов денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқаққа керек аппаратты тездетіп алып, сырқат балаларды Талдықорғанда тексеруді  қолға алуды тапсырды.

Кейбір дәрігерлердің сыйақы бермесе, науқасты дұрыс қарамай қоятынын да аналар жасырған жоқ. Бұл орайда жауапты адамдарға деректі анықтап, қызметін асыра пайдаланғандарға шара қолдану тапсырылды. Денсаулығында ақауы бар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар бала бағуға берілетін жәрдемақының көлемі арттырылса деген арызын айтты. Сондай-ақ, әр бала үшін ай сайын берілетін қаржының аздығына реніш білдірілді.

Сауалға жауап берген Амандық Ғаббасұлы бұл мәселенің бәрі мемлекет деңгейінде қаралып жатқанын, алдағы уақытта оң шешім табатынын жеткізді. Бүгіннің өзінде көпбалалы аналарға қаржылық қолдау білдіру үшін бюджеттен қаржы бөлінгенін айтып, ақшадан таршылық көріп отырған аналардың көңілін көтерді. Жиында Ынтымақ ауылына жол тартылса, автобус мәселесі шешілсе дегендер де болды. Бұл шаруаның жақын күндері қолға алынатыны жайлы жауап аталмыш ауыл тұрғындарын қуантты.

Әкім қабылдауында «Шайқорған», «Үйтас» саяжайларының тұрғындары жол қиындығын, Әлімжанов көшесінде аялдамалардың жоқтығын, арық суына қатысты мәселелерді жеткізді. Мектептерде мерекелік шараларға деп ақша жинаудың әлі тиылмай тұрғандығы, көпбалалы отбасыларда әрнәрсеге қаржы шығаруға жағдайларының келмейтіндігі айтылды. Аталмыш сауалдар бойынша  орынбасарларына сол жерде тапсырма берген әкім мәселені көңіл көншілерлік деңгейде шешетіндерін айтып, келушілердің көңілін серпілтті.

- Бар жағдайды бірден шешемін, бәріңе бірден баспана алып беремін деп айта алмаймын. Бірақ қолдан келгенше мәселені шешуге, кейбір жағдайға қалталы азаматтарды тартуға тырысамыз, – деді  Амандық Ғаббасұлы.

Көпбалалы аналар тарапынан айтылған тағы бір мәселе - мемлекеттік қызметкерлердің алдына барған адамға дұрыс жауап бермейтіндігі, этика сақтамайтындықтары. Мемлекет тапсырмасын орындаудың орнына шаруамен келгендерге мұрын шүйіре қарайтындардың мәселесі бұдан былай ерекше қадағалауда болмақ.

Гүлжан ТҰРСЫН,

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

"Жетісу"