ОБЛЫС ӘКІМІ ЖЕТІСУДЫҢ НӘЗІК ЖАНДАРЫН ҚҰТТЫҚТАДЫ

ОБЛЫС ӘКІМІ ЖЕТІСУДЫҢ НӘЗІК ЖАНДАРЫН ҚҰТТЫҚТАДЫ

«Ғасырға құрмет». Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен құттықтау шарасы дәл осындай тақырыптан өрбіді.

Алдымен аймақ басшысы Талдықорған қаласының 99 жастағы тұрғыны, «Құрмет» орденінің иегері Анна Шевелеваның үйіне барды. Ол кісі 1920 жылы Алакөл ауданына қарасты Андреевка ауылында дүниеге келген. 1940 жылы 10 жылдық орта білім алып, бастауыш мектепте мұғалім болып жұмыс істеген. Соғыс жылдары райкомда кадр бөлімінде, аудандық «Путь Ленина» газетінде бас редактор қызметін атқарған. Сондай-ақ, Алматы жоғары партия мектебінде оқуын аяқтаған соң Талдықорған қалалық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі, ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы болған. Түрлі медаль және орнденмен марапатталған ол екі қызынан 4 немере, 5 шөбере сүйіп отыр.

Соғыс кезінде газетте жұмыс жасағанның барлығы майданға аттанды. Содан кейін мені хатшы қызметіне жолдамамен жіберді. Уақыт өте редактор қызметіне қабылдады. Майданда болып жатқан оқиғаларды жариялап тұрдық. 99 жасыма келгенде саналы өмір сүрдім, балаларыма дұрыс тәрбие бердім деп ойлаймын. Қай жерде қызмет атқарсам да әріптестерім қолдап, құрметтеді. Бүгінгі бейбіт өмірді көргеніме қуаныштымын, – деп көзіне жас алған А.Тимофеевна облыста болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістерді газет бетінен, теледидардағы жаңалықтардан көретінін айтты. Сондай-ақ, ғасыр жасаған әже бейбітшіліктің Туы түспесін деген тілегін жеткізді.

«Әрқашан шаңырақтарыңыздың берекесі болып, үйіңізден жылылық кетпесін. Отбасыңызға береке, бірлік тілеймін», – деген А. Ғаббасұлы қарт анамен әңгімелесіп, естелік суретке түсті.

Келесі кезекте облыс басшысы көпшілікке «Паровоз апа» ретінде танылған Алтынай Есболатованы құттықтады. Ризашылығын білдірген әже: «Анықтап қарасақ, біздің еліміздей ел жоқ. Бейбітшілік заманда өмір сүреміз. Көңіліміз, жеріміз бай. Тәуба. Балаларымыз біз көргенді көрмесін. Осындай кең заманда өмір сүріп, ие болып, ел қатарында жүріңдер», – деп жастық шағын еске алып, ағынан жарылды. Әсіресе, Жетісу өңірінің көркейіп келе жатқанына қуанды.

«Өмір көрген сіздей жанмен отырудың өзі – қуаныш», – деген аймақ басшысы қарт ананың деніне саулық тіледі. Ғасырдың куәсі болған, зұлмат жылдары аянбай тер төккен "паровоз әжей" шаңырағына арнайы құттықтап келгендерге алғыс білдіріп, ақ батасын берді.

Мерекелік шара Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында жалғасты. Салтанатты шараға соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, қоғам қайраткерлері, көпбалалы аналар мен әр салада еңбек етіп жүрген нәзік жандар қатысты. Аймақ басшысы аналарымыздың шаңырақ отын маздатып, өңір дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқанына тоқтала келе:

Шуақты көктемнің мейірі мен сүйіспеншілікке толы мерекесімен құттықтаймын. Жүздеріңізден күлкі, көңілдеріңізден шуақ кетпесін. Барлықтарыңызға мықты денсаулық, баянды бақыт тілеймін. Әйел – мемлекеттік қызмет пен қоғамдық жұмыста да еңбек етіп жүрген қоғам мүшесі. Өздеріңізге айтылатын ақ алғыстар мен жылы сөздер еш уақытта толастамасын. Әрдайым ақпейіл де қамқор, адал да үлгілі қалыптарыңыздан танбай жүре беріңіздер, – деп өз сөзін қорытындылады.

Құттықтау рәсімінен соң облыс әкімі көпбалалы аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстап, бірқатар нәзік жанды Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен марапаттады. Әкім қабылдауына шақырылған құрметті нәзік жандардың қатарында әріптесіміз, "Жетісу" газетінің дизайнері Сақып Төкеева да бар. Шақырылған ардақты әжелер мен қыз-келіншектерге қаржылай сыйлықтар табысталды. Өз кезегінде жиынға қатысушы қонақтар тарапынан Кербұлақ аудандық аналар кеңесінің төрайымы, көпбалалы ана Ғалия Ақбасова сөз алып, ризашылықтарын жеткізді.

Жиын соңында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Тоқтар Серіков аналарға, әйелдер қауымына арнап ән шырқап, залда жиналған нәзік жандыларды тәнті етті. Сондай-ақ, аналар мерекеге орай жайылған ақ дастарқаннан дәм татты.

Еңлік ҚАБДЕШ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Оқи отырыңыз