БЕЙБІТ КҮННІҢ БАТЫРЫНА КУӘЛІК БЕРІЛДІ

Уақыты: 12.03.2019
Оқылды: 1015
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жастарға қызмет көрсету орталығында қос бүлдіршінді өрттен құтқарған Арман Бақытбайұлымен кездесу өтті.

Жиынды облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Қаратас жүргізді. Ол бүгінгі күннің батыры атанған Арманның ерлігін жас ұрпаққа үлгі етіп, әр азаматтың бойына патриоттық сезім ұялату мақсатында өткізілген шараның маңыздылығына тоқталды.

Жетісу мемлекеттік университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Болат Сериев батыр студенттің аталған оқу орнында білім алып жатқандығы зор мақтаныш екенін айтты. Сондай-ақ, университетте Жастар орталығы ашылып, 16 білімгер жалақы алып, жұмыс істейтінін жеткізді.

Менің орнымда кез келген азамат дәл солай жасайды деп ойлаймын. Бұл – біздің азаматтық парызымыз. Өмірде адам болып жүру басты ұстанымым болғандықтан, қолдан келгенше жақсылық жасауға асығамын. Әкем үнемі: «Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсет», – деп айтудан жалыққан емес. Жақсылық жасай жүріп, көптің батасын алуға асығайық, – деді Жетісу мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және спорт мамандығының 1 курс білімгері Арман Бақытбайұлы.

Басқосу соңында Жомарт Қаратас жас батырға облыстық полицияға қолдау көрсететін «Жалын» студенттер жасағының арнайы куәлігі мен киімін, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы атынан Алғыс хат табыс етті.

Еңлік КЕНЕБАЕВА