МӘСЕЛЕҢІЗДІ 5 МИНУТТА ШЕШЕТІН МОБИЛЬДІ ҚОСЫМША

Уақыты: 13.03.2019
Оқылды: 1324
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде «Avtomato» ЖШС қызметкерлері әзірлеген «Digital agent» мобильді қосымшасының таныстырылымы өтті.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің бастамасымен өткен шараға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ облыстық филиалының, мемлекеттік кірістер департаментінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің өкілдері қатысты.

«Digital agent» мобильді қосымшасы – мемлекеттік қызметшілердің жұмыс сапасын саралауға жол ашатын құрылғы. Әсіресе, шенеуніктердің жұмысына қатысты жиі сын айтатын тұрғындар үшін бұл таптырмайтын мүмкіндік болмақ. Қосымшаның жұмысы да қарапайым. Оны телефонына жүктеп алған пайдаланушы ХҚКО, Қаржы министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау министрлігі салаларында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын бағалау мүмкіндігіне ие болады.

Аталған қосымшаны App Store, Play Market сервистері арқылы жүктеп аласыз. Орнатқаннан кейін, тіркеуден өтіп, өзіңіз бағалағыңыз келетін қала мен ұйымды таңдайсыз. Қандай да бір сұрақтар немесе мәселелер бойынша азаматтардың өтініштері түскеннен кейін  мемлекеттік қызметті берушілер кемшіліктерді 5 минут ішінде кері байланыс жасап, сізге хабарласа отырып жоюы қажет. Егер мемлекеттік қызметті берушілер өз уақытында кемшіліктері жоймаса, біздің агенттіктің аумақтық бөлімшелері құзыретті орган ретінде өз өкілеттігі шегінде азаматтардың өтініштерінде көрсетілген мәселелерді шешуге атсалысатын болады, – дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облыстық департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Жеңіс Аңдабеков.

Аудандарда, қалалар мен ауылдық округтердегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарында осы тәрізді 43 шара өткізіліп, 47 билборд орнатылды. Қазіргі таңда қосымша арқылы мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына қатысты 873 өтініш түскен. Департамент тарапынан тиісті шаралар қабылданып, тұрғындар мәселесі уақытылы шешілген.

P.S: Қосымшаны біз де тиімділігіне көз жеткізу үшін ұялы телефонға жүктеп көрдік. Тіркелгеннен кейін сынақ мақсатында Талдықорған қаласындағы ХҚКО жұмысын үш жұлдызшаға бағаладық. Арада 1 минут өтпей жатып мамандар кері байланыс орнатып, мемлекеттік қызмет сапасын арттыру бағытында жұмыс жүргізетіндігін жеткізді.

Еңлік ҚАБДЕШ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ