ТАЛДЫҚОРҒАНДА АУЫС-ТҮЙІС: БӨЛІМ БАСШЫЛАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Уақыты: 13.03.2019
Оқылды: 1103
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласының әкімі Дастан ШАЛТАБАЕВТЫҢ өкімімен кәсіпкерлік бөліміне Арман Сағымбеков, ал ветеринария бөліміне Дархан Әбілбаев басшы болып тағайындалды. Бұл туралы жергілікті "www.taldykorgan-online.kz" сайты хабарлады. Айта кетейік, аталған азаматтар арнайы мемлекеттік қызмет байқауынан сүрінбей өткен.

Дархан Қуатұлы 1978 жылы туған, білімі жоғары. Қазақ Ұлттық аграрлық университетін 2003 жылы ветеринарлық санитарлық дәрігер мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2002 жылы Қапшағай қаласынан бастаған. 2004-2010 жылдары Оңтүстік-Шығыс аймақтық шекарадағы және көліктегі мемлекеттік ветеринариялық қадағалау басқармасы Алматы облысының «Талдықорған» бекетінде, Алматы қаласы «Әуежай» бекетінің ветеринариялық инспекторы болған. 2012-2018 жылдары Талдықорған қаласы Еркін селолық округінің әкімі аппаратында бас маман, бөлім басшысы қызметтерін атқарды. 2018-2019 жылдары Талдықорған қаласының ветеринария бөлімінде сектер меңгерушісі, бөлім басшысының міндетін атқарушы боп жұмыс істеген.

Арман Әділханұлы 1984 жылы туған, білімі жоғары. 2006 жылы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін қаржы және несие мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек жолын 2007 жылы Қазақстан  Республикасы  Сауда және Индустрия   министрлігінің бәсекелестікті қорғау комитетінің Алматы облысы бойынша монополияға қарсы басқармасынан бастап, 2015 жылға дейін осы басқармада бас маман, бөлім басшысы, басшының орынбасары қызметтерін атқарған. Ал, 2015-2018 жылдары «Талдықорған қаласының тұрғын үй қызметі» ЖШС бірыңғай ақпараттық есеп  орталығының басшысы болып жұмыс істеген. 2019 жылдың басынан Талдықорған қалалық Кәсіпкерлік бөлімінде еңбек етеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"