МІНЕ, БАҚЫТ: АЛТЫНСАРА АПА 100 ЖАСҚА ТОЛДЫ

Уақыты: 14.03.2019
Оқылды: 1768
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алтынсара апа екі ұлы мен төрт қызынан бүгінде 28 немере, 30 шөбере, 9 шөпшек және 4 немене сүйіп отыр. Халқымызда: «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген ұлағат бар. Оның өмір жолына зер салсақ, тарих бетін парақтағандай боласыз. Өмірбаяны еліміздің басынан кешірген оқиғалар желісімен бірге өріледі. Әжеміз 1919 жылдың 2 наурызында Кеген ауданының Меркі ауылында дүниеге келген.

 

– Алланың берген жасын жасап, бұйырған ырызғы нәсібін татып жатырмын. Мен 8-сыныпты бітіргенде, 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Ол кезде мектепке жұрттың көбі жасы ұлғайып баратын. Мен де кештеу хат таныдым. Бесінші сыныптан бастап Жалаңаштағы мектеп-интернатында жатып оқыған едім. Маусым айы болатын. Ер-азаматтың барлығы майданға аттанып жатты. Шаруашылық төрағасы маған: «Сары қыз, ауылға барасың. Меркіде ұжымшардың кеңсесі қаңырап, бәрі ессіз қалды» деді. Ауылға барасың дегеніне қуанып кетіп, бірден келістім, – деп әңгімесін бастады.

«Содан әкем Хамза мені ауылға алып келіп, ертеңінде маған қойманың кілтін сондағы жұмысшы-техник әйел тапсырды. Ұжымшардың бүкіл есеп-қисабын жүргіздім. Сұратқан барлық мәліметті жинақтап, ауданға өткізіп тұрдым. Осылайша жұмысқа төселдім. Ол кезде өгіз, ат арбамен жер жыртып, 11-12 жастағы балалар соқаның басын ұстайтын. Жұмыс арасында шөпшілерге қымызын апарып беретінмін. Шалғы да тарттым. Қара жұмысқа әбден төселіп, қабырғам қатайып, бұғанам бекіді», – дейді тыл еңбеккері.

– Әкем ұзақ жыл құрығы құтты жылқышы болып еңбек етті, –деп сөзін одан әрі сабақтады. – Әжем Зәуре мен анам Талайлының тәрбиесінде өстім. Үлкенге деген құрмет, кішіге деген ізетті бойыма солардан сіңірдім. Жасымда өнерге жақын болдым. Ән салып, домбыра мен баян тартып, жүрген жерімді думандаттым ғой. Ән өнері аяулы анамнан ауысқан. «Қыз – жат жұрттық» демекші, Сұранышов Рахымберді деген жігітке тұрмысқа шықтым. Екеуміз тату-тәтті сыйласа жүріп, өмірге 2 ұл, 4 қыз әкелдік. Ақсеңгір ауылына 1962 жылы көшіп келіп, шаруашылықта шопан болып ұзақ жыл қой бақтық. Жұбайым ертерек дүниеден озды. Бүгінде Асылхан, Зияхан, Сейітжан атты  қыздарым бар. Ұлдарым Сағат пен Елеусіз және қызым Рахат қайтыс болды. 

«Үлкенге құрмет – кішіге міндет» демекші, қазына кеуде қарттарын төрге шығарып құрметтейтін аудан әкімі Бағдат Әлиевті көргені мен түйгені мол азамат деп ойлаймын. Ата-апаларын ардақтап, оларға қамқорлық жасап, қолдау көрсетіп жүр. Алла ісіне береке берсін, алғаны алғыс пен бата болсын. Ауыл әкімі  Ержан балам бастаған ұл-қыздарыма да ризамын. Келіп хал-жағдайымды сұрап, батамды алып жүр ғой. Ел-жұртыма амандық берсін, егемен елдің еңсесі биік, тұғыры берік болсын! – деп ризашылығын білдірді ғасыр-ғұмыр. 

Қыдыр ата көшесіндегі 16-шы үйге расында қыдыр дарып, бақ қонған ба дерсіз. Осыннан бес буын ұрпақ өрбіді деуге болады. Әжеміз осында, қара шаңыраққа ие болып отырған шөбересі Ғазиз бен келіні Манараның қолында жүздің біріне алаңсыз қадам басты. Ұзынағаштағы шөбересі Жұлдыз бен күйеубаласы Бектастың да шаңырағында жиі болады. Сүйегі асыл әжемізге күш-қуат, мықты денсаулық тілеп, алда да қазыналы тойдың төрінен көрініп, айналаңызға саялы бәйтеректей мейірім нұрын төге беріңіз дейміз.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы