"ЖЕТІСУ" ТЕЛЕАРНАСЫ - 20: Бейсен ҚҰРАНБЕК ЖОСПАРЫМЕН БӨЛІСТІ

Уақыты: 21.03.2019
Оқылды: 3051
Бөлім: КҮНДЕРЕК

"Жетісу" телеарнасы 20 жаста. Осы уақыт аралығында ұжым талай ауыспалы мезгілді бастан өткерді. Соның ең негізгісі – облыс орталығының қайта құрылуы. Журналистер қоғаммен бірге тыныстады. Барына қуанды, жоғының қалпына келуіне қозғаушы күш бола білді. Бар-жоғы екі-үш журналист, бір камерамен облыстық әкімдіктің шағын бөлмесінде жұмысын бастаған мекеме бүгінде арнасын кеңейтті. Дауысы алыс-жақын шетелдерге жететін дәрежеге көтерілді.

Облыс орталығы қайта құрылғаннан кейін телеарнаға бұрынғы радионың ғимараты берілді. Іші хабар таратуға арналып, қайта жабдықталды. Журналистердің қатары көбейді. Жастарды Тұрсынбек Айтбек, Наталья Борсенко, Гүлжанат Мақұлжанова, Роза Дүйсебаева, Наталья Хоменко, Назгүл Бошан сынды тәжірибелі журналистер баулып, қырандай баптады. «Жетісу» телеарнасының ұстаханасынан өткен тілшілер бүгінде  республикалық арналарда абыройлы қызмет атқаруда.

Өңірлік коммуникация орталығында облыстық «Жетісу» телеарнасының директоры Бейсен Құранбек телеарнаның 20 жылдығына орай журналистермен кездесті. Әріптестердің басқосуында мекеме басшысы телеарнаның мерейтойын өткізуге облыс әкімі Амандық Баталовтың жан-жақты қолдау білдіріп отырғанын айтты. Сондай-ақ, телеарнаның өткені мен бүгіні жайлы мағлұмат берді.

Талдықорған облысының орталығы мәртебесін алысымен шаһарда  құрылыс қарқын алды. Журналист, операторлар таңнан кешке дейін аудан-аудандарды аралап, кешке облыс орталығында жаңа салынып жатқан нысандардың қарқыны, сапасы жайлы материал дайындап, барлығын жинақтап, эфирден беретін. Осының бәрі қанша күш пен еңбекті қажет ететініне қасында жүрген басқа тілшілер, яғни, біз куә едік.

Сол кезден бері келе жатқан операторлар Василий Федоров, Мәулен Несіпбеков, Шалқар Құсайынов, Айдар Құсайынов, Жасұлан Шынкенжелердің еңбегі ерен. Режиссерлар Азат Құсайынов, Жанар Рахиповалардың да телеарна үшін орны бөлек.

Бүгінгі таңда телеарна журналистері тарихи фильм түсіруге де ден қойды. Олар сомдаған: «Бір уыс бидай», «Құдайы қонақ», «Омарбек мерген» «О, Ләйлә» атты фильмдер көптің көңілінен шықты. Телеарна жаңарды, жасарды. Соңғы жылдары «Болмыс» ток-шоуы, «Ұлт пен рух», «Тұжырым» бағдарламалары, «Зерде» интеллектуалдық телесайысы, «Қазақ әні» және «Ән шырқайық» бағдарламалары көрермен көзайымына айналды. Қоғамдағы өзекті ойды қозғайтын «Арнайы репортаж», «Парасат», «Құтты қонақ» атты хабарлар телеарнаның  соңғы жылдардағы «олжасы». «Әкім сағаты» хабары билік пен бұқара халықтың арасына алтын көпір бола білді.

Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында ұжым қайырымдылық концерттер ұйымдастырып, жиналған қаржыны денсаулығында ақауы бар бүлдіршіндерге берді.

Баспасөз конференциясында Бейсен Абайұлы осының бәрін бір сөзбен: "Жиырма жылда облыста талай рет «жауын жауып, жел тұрды». Бірнеше тарихи сәт бастан өтті. Барлығының басы-қасында біздің телеарна журналистері жүрді", - деп айтты.

Бүгінде аталмыш телеарна тарихи сәттердің барлығын көз алдыңызға әкелетін, кезінде мекемеде қызмет істеген, телеарнаның өсіп-өркендеуіне күш жұмсаған адамдардың бейнесі сомдалатын сюжеттер дайындауда. Сондай-ақ, осы 20 жылда қызмет істеген адамдар жайлы кітап жарыққа шықпақшы. Мереке аясында спорттық шаралар, ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Алғашқы шара Наурыз мерекесі аясында ұлттық ойыннан бастау алмақшы. Қазақстан Республикасының Халық  әртісі Мақпал Жүнісова қайырымдылық концертін өткізіп, түскен қаржыны әлеуметтік жағынан қорғалатын адамдарға бермекші. Сондай-ақ, елге танымал дәстүрлі әншілер келіп, халыққа тегін ән салып береді.

Брифингте жиырма жылдық аясында облыстық радио ашу ісі қолға алынғанын Бейсен Абайұлы жан-жақты айтып берді. Радио тыңдау үшін уақыт бөлудің қажеті жоқ. Жаңалықты көлікте кетіп бара жатып, жұмыс істеп жүріп те тыңдауға болады. Спикер радио жаңалықты тарату алдымен шекарадағы Жаркент, Алакөл және Райымбек аудандарының тұрғындарына мемлекет бағдарламаларын түсіндіру, әлеуметтік бастамаларды насихаттауда зор рөл атқаратынын айтты. Жиында мерейтойлық шараны тарихта қалдыру мақсатында «Журналистер аллеясы» ашылатыны мәлім болды.

«Жетісу» телеарнасының директоры Бейсен Абайұлы сөзін түйіндей келе: "Жиырма жылдыққа орай шара ұйымдастыруымыздың басты мақсаты – журналистерге дем беру, қызмет істеген аға-әпкелерімізді еске алу, патша көңіл көрерменге көңіл-күй сыйлап, барымызбен бөлісіп, алдағы жұмысымызды айқындау," – деп қорытындылады.

Гүлжан ТҰРСЫН

Фото - Жеңіс ЫСҚАБАЙ