ЖАПОНИЯНЫ ТАҢҒАЛДЫРҒАН ҚАЗАҚ

Уақыты: 06.04.2019
Оқылды: 1013
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 7-сынып оқушысы Даир Серік Жапонияға шақырту алды. Ол Канагава префектурасында өткен «Childrens Museum of Art» атты XX Халықаралық балалар сурет байқауында «Канагава сыйлығының» иегері атанды. Онлайн байқауға әлемнің 92 мемлекетінен талантты балалар қатысты.

Өнер сабағының мұғалімі Тілеш Намазбековтың жетекшілігімен Даир Серік байқауға пейзаж жанрында орындалған «Менің туған өлкем – Жетісу» жұмысын ұсынды.
«Менің хоббилерім көп. Саксофон, фортепиано, флейтада ойнағанды ұнатамын және домбыра мен қыш өнері сабақтарына қатысамын. Бірақ, ең сүйікті әрі жүрегіме жақын іс – ол сурет салу. Кішкентай кезімнен қылқаламмен сырласып келемін. Себебі, ол мені шабыттандырады, айналадағы ең әдемі, ғажайып дүниелерді байқап, көңіл аударуды үйретеді», – дейді жас суретші.
«Childrens Museum of Art» Халықаралық байқауының қорытындысы бойынша Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Даир Серіктің суреті 30 мың жұмыстың ішінен топ жарып «Канагава сыйлығымен» марапатталды. Сонымен қатар, «Менің туған өлкем – Жетісу» пейзажы ең үздік шығармалар жинағына іріктеліп алынды. Енді жас суретші Жапониядағы Халықаралық көрмеде өтетін  жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатыспақ. Бізде өз тарапымыздан қылқалам иесіне өнеріңмен өрлей бер демекпіз.

Алма Есенбаева