ҮНДЕУ: 130 ҰЛТ ӨКІЛІН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУГЕ ШАҚЫРАМЫН

Уақыты: 08.04.2019
Оқылды: 1774
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, елі мен жерін шексіз сүйетін шынайы патриот, Ұлы Даланың бүгіні мен болашағына бейжай қарай алмайтын азамат ретінде әрі ұлттық мәдени орталықтардың құрылуына бастамашы болғандардың қатарында мемлекеттік тіліміз – қазақ тілін білмейтін барлық қазақстандықтарға Үндеу жариялағым келеді. Маңызды қадамымды ешқандай да зорлық-зомбылықсыз, таза адамгершіліктің биік мінберінен жасап отырмын. Менің жүрекжарды сөзім әрбір қазақстандықтың санасына қозғау салып, адамдар арасындағы өзара түсіністікті арттырады, көпұлтты халқымыздың ынтымағын одан әрі жарастыра түседі деген сенімдемін.

Тәуелсіздік бесігінде тербелген 27 жыл ішінде мемлекеттік тілді дамыту жолында көп дүние жасалды: қолдану аясы кеңейді, мәртебесі өсті. Жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді. Елбасы Қоры жанынан құрылған Мемлекеттік тілді дамыту қоры жұмыс істейді. Республиканың барлық облысында мемлекеттік тілді тегін оқытатын орталықтар ашылды. Бұл бағытқа Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ерекше назар аударып отыр. Елбасының арқасында тіл саясаты жан-жақты ойластырылып, сәтті жүзеге асуда. Елбасы әр сөзінде тіл саясатын жүргізуде асығыстыққа салынып, эмоцияға берілмеуді айтып келеді. Барлық жұмыс жүйелі жолмен, кезең-кезеңімен, қазақстандықтардың мүддесін ескере отырып атқарылуы тиіс.

Осындай жан-жақты ойластырылған оң шешімнің нәтижесінде жұмыстың жемісін көре бастадық. Қазіргі тілдік жағдаятты 90-жылдармен салыстыруға келмейді. Ол уақытта қазақ тілін білмейтіндер 70 пайызды құрайтын. Бүгінгі таңда да сол 70 пайыз деген көрсеткіш өзгерген жоқ, тек бұл сан мемлекеттік тілді білетіндерге қатысты қолданылады. Мемлекеттік тіл мәртебесі өз дәрежесіне лайық деңгейге көтерілу үстінде. Бұл, әрине, бәрімізді қуантады. Бірақ бізді тәуелсіздіктің 27 жылы өтсе де, әлі күнге дейін тұрғындардың 30-35 пайызы мемлекеттік тілді білмейтіні алаңдатады. Ең қиыны, біздің елде қазақ тілін білмейтін немесе мемлекеттік тілде сауатты сөйлей алмайтын жас буын өсіп келе жатқаны қатты ойландырады. Мұның бәрі сағаттап ғаламтор желісінде отырудан, шынайы қарым-қатынастың жоқтығынан туындап отыр. Егер бұл үдеріс ары қарай жалғаса берсе, рухани мүгедектікке ұшыратары сөзсіз. Осы олқылықтардың себебін әр адам өзінің ішкі әлемінен іздеуі керек.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үштілділдік туралы сөзінде қазақ тілі үш тілдің біреуі емес, керісінше, тіреуі екендігін ерекше айтып өтеді. Қазақ тілі барша қазақстандықтарды біріктіруші бірден-бір фактор екендігін жеткізеді. Бұл – шындық. Мәселен, біз, 18 миллион Қазақстан азаматы, ертең таңнан-ақ бір-бірімізбен: «Қайырлы таң!» – деп амандасып, бірауыздан қазақ тілінде сөйлесуге көшсек, келісіңізші, бұрынғыдан да өзара түсіністігіміз тереңдеп, бір атаның баласындай бауыр болып кетпейміз бе?!

Сөзім дәлелді болу үшін өз басымнан өткен бір мысалды ұсынайын. Мен қазақтардың ортасында жиі жүремін. Бірақ ешкім де менің тегімді түгендеп, түрімді түстеп, ұлтымды сұраған емес. Неге? Өйткені, мен олардың бәрімен бір тілде қарым-қатынас жасаймын. Қазақтың дәстүрін, ділін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, өмір сүру салтын, керек десеңіз, жан дүниесін де бір кісідей білемін. Егер өтініп жатса, бата да беріп жіберемін. Бір жарым жыл бұрын Елбасы қазақ тілін кириллден латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл шын мәнінде ел мүддесі ескеріле отырып жасалған тарихи қадам болды. Ендеше, бәріміз осы тарихи сәтті ұтымды пайдаланып, «бірінші сыныпқа» барайық. Партаға отырып, қазақ тілін латын графикасы негізінде үйренуді бастайық. Мемлекеттік тілді білу – біздің адамгершілік әрі азаматтық міндетіміз. Бұл туралы Ата Заңымызда да жазылған.

Бірінші кезекте Үндеуімді өзіммен бір пікірдегі әріптестеріме – Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне, этнобірлестік жетекшілеріне арнағанды жөн көріп отырмын. Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда біз таза өз ұлтымыздың мәселелерін шешу жұмыстарымен айналыстық. Қазақстандағы ұлттардың дәстүрі мен жоғалған жоралғыларын қайта жаңғырттық, тілі мен мәдениетін, әдет-ғұрпын дамыттық. Мемлекет құндылықтарымызды қайта қалпына келтіріп, дамыту үшін барлық жағдайымызды жасап берді. Моральдық-материалдық қолдау танытты, танытып та келеді. Мұндай қолдау, сенесіздер ме, посткеңестік елдердің бірде-бірінде жоқ. Тіпті, әлемнің федеративтік формадағы мемлекеттерінде де кездеспейді. Мұндай қамқорлық пен ұтымды ұлтаралық саясат Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асты. Нәтижесінде, Қазақстанды мекен еткен 130 этностың барлық өкілдері рухани құндылықтарын сақтап, бірегей ұлт ретінде танылуда. Сондықтан да, біз Ұлы Даланың тұрғыны екенімізді мақтан тұтамыз әрі бейбіт елдің бесігінде өзімізді жайлы, өзгелермен тең дәрежеде сезінеміз.

Бірақ бүгінгі жағдай өзгеше, заман талабы да басқа. Менің пікірімше, жұмысымызға бірқатар өзгеріс енгізетін күн туды. Заманауи тілмен айтқанда, қызметімізді «қайта жүктеуіміз» қажет. Бұл дегеніміз – төл мұрамызды сақтап, дамытумен бірге қазақтың да дәстүрін, тілін, әдет-ғұрпын, ділін, өмір сүру салтын, тарихын оқып-білу, дәріптеу. Басқаша айтқанда, ұлттық қалыбымыздан шығып, максималды түрде қазақ халқының ортасына бейімделуді бастаған жөн. Қазақи құндылықтардың бәрін терең түсініп, өзіміздің төл дүниеміз секілді қабылдауымыз керек. Бұл этнос ретінде жоғалудың белгісі емес. Керісінше, ұлттық мұрамызды сақтау және дамыту жұмыстары ары қарай жалғасын табады, сонымен бірге, қазақтың да рухани байлығын арқалап жүреміз. Мұндай билингвизм мен өзара байытылған мәдениет көпұлтты қоғамымызды бұрынғыдан да біріктіре түсетініне толық сенімдімін.

Тағы бір ұсынысым бар. Қазақстан халқы Ассамблеясы «Мемлекеттік тілді ұлықтайық!» атты ұзақмерзімді республикалық акциясын қолға алса жақсы болар еді. Акция шеңберінде қазақ тілін дәріптейтін күнделікті «дөңгелек үстелдер», семинарлар, ток-шоу мен байқаулар, әртүрлі оқулар, тіл ғалымдарымен кездесулер, тегін дәрістер ұйымдастырылып тұрса деймін. Нәтижесінде, қазіргі таңда жетіспей жатқан тілдік ортаның қалыптасуына жол ашылады. Ең бастысы, адамдардың мемлекеттік тілге деген ойлау жүйесі өзгеріп, құрметі артады деп есептеймін.

Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деген танымал сөзі бар. Мен «Қазақстандық қазақстандықпен қазақша сөйлессін!» дер едім. Үндеуімнің соңын «Мемлекеттік тіл – біздің тіл! Қазақ тілін біз сыйламасақ, басқа кім сыйлайды? Біз қорғамасақ, кім қорғайды? Біз сақтамасақ, кім сақтайды?» деп аяқтағым келіп отыр.

Мемлекеттік тілді білмейтіндерге осы сөздерді аударып, ішкі мағынасына үңілуді ұсынамын. Одан кейін латын қарпімен қайтадан қазақ тілінде жазуы қажет. Бұл сіз үшін Ұлы Даланың ұлы мұрасы – әлемдегі ең бай әрі түркілердің ең таза тілі – қазақ тілін үйренудің басы болсын.

Атсалим ИДИГОВ,
облыстық "Огни Алатау" газетінің 
бас редакторы, Қазақстан халқы 
Ассамблеясының мүшесі, 
ҚР Президенті сыйлығының лауреаты,
Қазақстан Журналистика 
академиясының академигі