КЕШ БАТҚАНША НАУРЫЗ ТОЙЛАДЫ

Уақыты: 10.04.2019
Оқылды: 988
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Достық үйінде Наурыз мейрамына орай «Жұлдызы жарқыраған Жетісу» облыстық форумы екінші рет ұйымдастырылдыШараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, «Ұлағат» ардагерлер кеңесі, этномәдени бірлестік төрағалары, студенттер мен қала тұрғындары қатысты.

Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының ауласына қолөнер шеберлерінің көрмесі қойылды. Әр ұлт пен ұлыс көрмеге өз дүниелерін алып келіпті. Мұнда ер-тоқымның бірнеше түрі бар. Сондай-ақ, Кербұлақ, Ескелді, Көксу, Қаратал аудандары және Текелі қаласы аналар кеңесінің мүшелері аулаға дастарқан жайып, наурызкөжені тегін таратты.

Ізгі шарада облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай жиналғандарды  мерекемен құттықтады. Ол:

- Халқымыз Ұлыстың ұлы күніне – Жаңа жылға үлкен үміт артады. Тепе-теңдік, ізгілік пен жаңару үйлесім тапқанда елге құт қонып, береке орнайды деген сенім жүрегімізге берік ұялаған. Бұл мереке көпэтносты Қазақстан халқын достық пен татулыққа шақырып, игі істерге жұмылдырып келеді. Біздің ұлттық рухымызды көтереді. Салт-дәстүрімізді жаңғыртады. Бүгінде Наурыз барлық этностарға ортақ, Қазақстанның әрбір азаматы асыға күтетін мереке. Тәуелсіз еліміздің өркендеп, өсуі жолында жаңа бастамаларға негіз қаланады. Тұңғыш Президентіміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялағанын білеміз. Оқушылар мен жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу мақсатында Достық үйінің базасында "АЙБЫН" әскери-патриоттық клубы өз жұмысын бастады, – деп көпшілікті жаңалықтармен таныстырды.

Достық үйі – Қоғамдық  келісім орталығында соңғы жылдары  "Ардагерлерді ардақтайық" жобасы аясында "Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы" ашылды. Онда мәдени-ағартушылық клубтар, тілдік және компьютерлік сыныптар бар. Ассамблеяның бастамасымен алдағы уақытта Татарстан Республикасы мен Қазақстанның ынтымақтастығын нығайту мақсатында татар этносының ұлттық мерекесі «Сабантой»  облысымызда халықаралық деңгейде өткізілмекші.

«Жұлдызы жарқыраған Жетісу» облыстық форумының өтуіне атсалысқан ұжымға шара барысында сый-сияпат тапсырылды. Ұлыстың ұлы күніне арналған мәдени-көпшілік шарада ұлттық ойындар, салт-дәстүр бойынша сұрақ-жауап ұйымдастырылды. Іс-шара барысында көптеген этнос өкілдері өздерінің ән-жырларын ортаға салды. Мәні мен мағынасы келіскен Наурыз тойы кеш батқанша жалғасты.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ