АЛМАТЫ: СҰЛУ ҚЫЗДАР САЙЫСЫ ӨТТІ

Уақыты: 10.04.2019
Оқылды: 2883
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы қаласының Неке сарайында «Беу, қыздар-ай!» атты сұлулық байқауы өтті. Шараны Алматы сән және дизайн колледжі, «Алтын Дән Қазақстан» ЖШС, орталық  Неке  қию сарайы бірлесе ұйымдастырды.

«Беу, қыздар ай» шын мәніндегі жастар шығармашылығының, өнер мен сұлулықтың, кәсіби шеберліктің сыны болды. Байқауға Алматы  қалалық білім басқармасының, кәсіпкерлер палатасының, жұмыс беруші ұйымдардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері қазылық етті.
Шараға жиналған көпшілік бірінші кезекте сарай алдында өткен 50 студенттен құралған жастардың жалынды флешмобын тамашалады.

Байқаудың беташар сөзі басты ұйымдастырушы, біздің колледждің директоры Надежда Яковлеваға берілді. Оқу орны басшысы шараның биылғы Жастар жылына орай өткізіліп отырғанына, мақсаты жастардың кәсіби шығармашылық идеяларын қолдау, колледж студенттерін қаланың рухани өміріне араластыру екендігіне тоқталды.

Байқауға жеті адамнан құралған «Жалынды жастар», «Шоқ қыздар», «Жас шебер», «Тұмар»  атты командалар қатысты. Олар алғашқы кезекте «Таныстыру» сынынан өтіп, топтың эмблемасын, ұстанымын, киім үлгісін қорғады.

«Той шебері» деп аталатын сында қатысушылар неке қию тойын ұйымдастыру шеберліктерін паш етті. Онда берілген тапсырмалар бойынша қатысушы командалар жемістерден  сәндеп тағам әзірлеп, қалыңдықтың той көйлегін және шаш үлгісін жасады. Сонымен қатар, гүл, лента, бұтақ сынды заттармен ваза әсемдеді.

«30 секундта 30 сөз» деп аталған келесі кезеңде қатысушылар мамандығы жайлы дайындаған бейнетаспаларын көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар, байқау барысында «Өміргүл», «Рух шұғыласы», «Қала стилі» коллекцияларының салтанатты шеруі өтті. Бұл – үздіктермен бәсекелесе алатын коллекциялар. Бұл коллекциялар халықаралық «Аспара Fashion vik» және республикалық «Сән мұнарасы» байқауларында жүлделі орындар иеленіп, «The Backstage Collections» итальян журналында насихатталған.

Байқау соңында колледж жастарының шығармашылық қарым-қабілетін, кәсіби шеберлігін жоғары бағалаған қазылар алқасының төрағасы, «Сән индустриясы» ассоциациясының президенті Тұрсын Махмутжан байқау жеңімпазы «Жалынды жастар» тобын марапаттады.  Сондай-ақ, барлық командаға, олардың жетекшілеріне, колледж әкімшілігіне, орталық Неке сарайы директоры Айгүл Қалықоваға ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді.

Байқау колледж жастарының шығармашылығын өрістетіп, мамандықтарына деген мақтаныш сезімін арттыра түсті.

Айнұр ҚАЛДАРБЕКҚЫЗЫ,
Алматы сән және дизайн колледжінің оқытушысы