ТАЛДЫҚОРҒАН: ҮШЕМГЕ ҮШ БӨЛМЕЛІ ҮЙ БЕРІЛДІ

Уақыты: 11.04.2019
Оқылды: 2247
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанда Бауберіковтер отбасында үшем дүниеге келді. Оларды ата-аналары Алима, Алиша, Алмира деп атады. Бірінші туғаны - Алима. Оның салмағы 2,100 келі болды. Екінші дүние есігін ашқаны – Алиша. Ол – 1,700 келіні көрсетті. Ал үшіншісі Алмира алдыңғыларынан салмақтылау. Яғни, 2,300 келі.

Перинаталды орталық директоры Қанат Жұмашевтің айуынша, балалардың денсаулығы жақсы. Нәрестелердің әрқайсысы дәрігерлердің қарауында болған бір ай мерзімде 600-700 грамнан салмақ қосқан. Перинеталды орталықта биылғы үш айда 28 ана егіз босанған. Ал үшем мұның алдында 2002, 2008 жылдары дүниеге келген.

Балалардың ата-анасының есімі - Дәурен және Еңлік. Еңлік қаладағы №12 мектептің мұғалімі. Үшем мен анасы перзентханадан шығарда облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев балаларға үш бөлмелі үйдің кілтін табыс етті. Баспана жаңа коттеджді қалашықтан берілді. Баспананың көлемі 100 шаршы метрді құрайды. Мұнда болашақта 149 үй пайдалануға беріледі. Оның көбі көпбалалы отбасыларға арналады.

Перзентханадан шығарда облыс әкімі Амандық Баталов балалардың ата-аналарын телефон арқылы құттықтады. «Дәурен, бұл Алланың берген бақыты. Бұйырса, бай, дәулетті боласыңдар. Ең бастысы, балалар аман-есен ержетсін! Қатарынан кем болмасын. Осымен тоқтап қалмаңдар. Бала санын 7-ден кем қылмаңдар. Еңлік, бөпелерің қазақтың маңдайалды қыздары болсын. Қазақта елдің жайын ойлаған қаншама батыр қыздар болған. Сендердің бөпелерің де елдің атын шығарсын. Естеріңде болсын, бірінші бала апа-атасынікі. Ата-аналарыңа сәлем айтыңдар», – деп бақытқа бөленген отбасының қуанышын еселеп, отбасының береке-бірлігін арттыратын аталы сөз айтты.

Үшемнің апасы Райхан: «Облыс басшысынан бастап барлығына алғыс айтамын. Қаламыз керемет жайнады, жасарды. Елдің көңіл- күйі жақсы. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында қиын кезден шықтық. Біз сол кезде тоқыраудан шыға алмайтындай күй кешкенбіз. Мықты халық екенімізді тағы дәлелдедік. Елде ауызбірлік болсын деп тілеймін. Менің шаңырағымдағы қуаныш барлығыңызға жұғысты болсын», – деп ел ағаларына ақеділ алғысын жаудырды.

Жақсылыққа жаны құмар журналистер қауымы да перзентханадан жайдарман жаңалықты елге жеткізуге асыға аттанды.  Бөпелердің атасы Серік қуанышқа жиналған баршаңызға біздің отбасындағы бақыт жұғысты болсын деп жатты.  Ортақтасқан қуанышымыз көбейе берсін.

Гүлжан ТҰРСЫН

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ