БӘРЕКЕЛДІ: ЖУРНАЛИСТЕР ЖАТТЫҒАТЫН ЗАЛ АШЫЛДЫ

Уақыты: 12.04.2019
Оқылды: 1992
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласында орналасқан Журналистер үйі ғимаратының төменгі қабатында заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, салауатты өмір салтын ұстанғысы келетін тілшілер үшін үлкен жаттығу залы ашылды.

"Zhetysufit" деп аталатын жаңа зал Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының 20 жылдық мерейтойына орай ашылып отыр. Шараның ашылу салтанатына Алматы облыстық  "Жетісу", "Огни Алатау" газеттерінің бас редакторлары Әміре ӘРІН мен Атсалим ИДИГОВ, ардагер журналист, "Хабар" телеарнасының аймақтағы меншікті тілшісі Тілеуқабыл МЫҢЖАСАР, «Жетісу» телеарнасының бас директоры Бейсен ҚҰРАНБЕК қатысты. Елге белгілі журналистер жаттығу залының тұсауын кесіп, шынығатын заманауи құралдарды бірінші болып қолданып көрді.

Жаттығу залына кіру журналистер үшін тегін болады. Зал ішінде жүгіру жолақтарымен бірге, зілтемірлер, тартылатын кермелер, үстел теннисі, жуынып-шайынатын себезгі орындары бар.

Айта кету керек, жаттығу залы Алматы облысы әкімінің қолдауымен ішкі саясат басқармасының ұсынысымен қолданысқа берілді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Фото - Жеңіс ЫСҚАБАЙ