АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: ГАЗ ИНСПЕКЦИЯСЫН ҚҰРУ ҚАЖЕТ

Уақыты: 19.04.2019
Оқылды: 1089
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мәселесі бойынша комиссия отырысы өтті. Жиын селекторлық режимде өтті. Штаб отырысына төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, құқық қорғау саласы мен барлық аудан, қала әкімдері қатысты.

Күн тәртібінде сел, сырғыма қаупі бар кезеңдерге дайындық, суға шомылу маусымы кезінде азаматтардың қауіпсіздігі, өрттің алдын алу, газ шаруашылығын пайдалану, газ техникалық инспекция құру мәселелері қаралды.

Бірінші мәселе бойынша Алматы облысы ТЖД зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасы бастығы орынбасарының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау подполковнигі Қ.Алтынбеков баяндама жасады. Ол өз сөзінде көктемгі күннің күрт жылуына байланысты қауіпті аймақтарға 132 рейдтік бақылау жасап, 1 рет аэровизуалды тексеру жүргізген. Тексеру барысында сырғыма жағдайы тұрақты, сырғыма қаупі бар учаскелерде тас көшкіндері байқалмаған. Таулы аймақтарда да жағдай қалыпты екенін баяндап өтті.

Екінші мәселе бойынша баяндамашы облыстық ТЖД бастығының орынбасары, полковник С. Тұраров су айдындарындағы төтенше жағдайлар бойынша толық ақпар берді. Суға шомылу маусымында адамдардың қауіпсіздігін сақтау мәселесі бойынша жұмыс атқарылатынын жеткізді. Департамент өкілінің айтуы бойынша, көптеген келеңсіздіктер мен қайғылы оқиға демалушылардың техникалық қауіпсіздікті сақтамау салдарынан туындайтынын жеткізді. Олар белгіленбеген және суға шомылуға болмайтын, арнайы құтқарушы топ жоқ жерлерге суға түсу, ішімдік ішіп шомылу және жас балаларды қараусыз қалдырудың салдарынан қайғылы жағдайға душар болатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, демалыс орындарының иелеріне сақтық шарасын күшейтіп, төтенше жағдайдың алдын алу және болдырмау мақсатында тұрақты шара атқаруды тапсырғандығын айтты.

Бұдан кейін үшінші және төртінші мәселе бойынша арнайы мамандар сөз алып, өрт қауіпсіздігі мен улы газдан зардап шеккендер бойынша толық ақпар берді. Қызметкерлер арнайы рейдтік шара өткізіп, БАҚ өкілдерінде ескерту мен тұрғындарға арналған парақшалар таратылғанын айтып берді.

Жиын соңында аудан әкімдері аталған мәселелер бойынша өздерінің жұмыстарын баяндап, алдағы уақытта да төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында тұрақты жұмыс жүргізетіндігін жеткізді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Л. Тұрлашов жоғарыда аталған мәселелер  тұрғындар қауіпсіздігіне тікелей қатысты екенін, осыған байланысты оларды ерекше бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты облыстың тиісті басшыларына және аудан әкімдеріне жұмысты күшейтуді тапсырды.

                                                                           Ришад ТҰРҒАНБАЕВ