ШОҚТЫҒЫ БИІК ШАҢЫРАҚ

Уақыты: 19.04.2019
Оқылды: 1270
Бөлім: КҮНДЕРЕК

"Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та,бар қалан", – деп Абай атамыз айтқандай, арманыма жету үшін сапалы білім алу, білікті де білімді маман иесі атану жолында еңбек етіп келемін. Бұл орайда маған көп көмегін тигізіп келе жатқан қара шаңырақ – Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің ұстаздары.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің іргетасы»,–деп айтқан сөзі бекер болмаса керек. Бүгінде біздің қара шаңырағымызға 85 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында университетіміз әлемдегі 800 ең үздік университет арасында 220-орынға ие болып, QS «World University Rankings» халықаралық рейтингісінде 16-орынға алға шықты. Еліміздің жоғарғы оқу орны арасындағы бірінші ҚР Президентінің «Сапа саласындағыжетістіктері үшін» сыйлығының иегері атанғаны да үлкен жетістік.

Еліміздегі тарих, әдебиет, медицина, заң, спорт саласындағы кемел тұлғаларды атап айтар болсам, Ақмарал Арыстанбекова, Тұманбай Молдағалиев, Әбіш Кекілбаев, Қадыр Мырза Әлі, Жүрсін Ерман, Әзілхан Нұршайықов, Олжас Сүлейменов қазақтың белгілі журналисі, жазушысы, ҚР еңбегі сіңген қайраткер Тауман Төреханов сияқты ел ағалары университеттің түлектері екенін мақтанышпен айта аламын.

Біздің университетімізді өзгелерден ерекшелендіретін – ҚазҰУ қалашығы. Университетте Қазақстан – Үндістан ақпараттық технологиясы, Қытай тілі, Еуропалық құжаттар, НАТО, Америкалық, қолданбалы лингвистика және мәдениаралық байланыс орталықтары орналасқан. Сонымен қатар, 300 орынды интернет-кафе мен 14 жатақханасы бар. Білім ордасының інжу-маржаны әл-Фараби атындағы кітапханамыз Орта Азиядағы жоғары оқу орындары арасындағыең үлкен кітап қорына ие болған. Оның кітапхана қоры 2 миллионнан асады.Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы бар. Білімгерлер бос уақытында кинотеатр, кафе, кітап дүкені, супермаркет, фотостудия, киім жуатын орын, сән салоны, кеңсе тауарлар дүкені, имидждік өнім дүкені, сатушысыз «Адалдық дүкені» қызметтерін пайдалана алады. Университет аумағында спорттық сауықтыру кешені менРио Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин атындағы жаңа жүзу  бассейіні орналасқан.

Мен еліміздегі теңдесі жоқ бірегей оқу орнында білім алатынымды мақтанышпен айта аламын. Білімнің қара шаңырағы мамандығымның білгір иесі болуыма жол ашатынына сенімім мол.

Ботагөз ӘБІЛДА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті

"ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа" кафедрасының 3-курс студенті