ЭКС-ӘКІМ: "АУЫЛДА ҚАЛСАМ, ТРАКТОР ЖҮРГІЗЕР ЕДІМ"

Уақыты: 23.04.2019
Оқылды: 1185
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы тарапынан «Zhas Talks» жобасы жүйелі жүргізіліп келеді. Онда ғұмырын халық игілігіне арнаған өз саласының майталмандары жастармен кездесіп, өмір өткелдерін сөз етеді. Осы жолы жастарға қызмет көрсету орталығында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Серікбай Нұрғисаевпен кездесу өтті.

Студенттік шақтағы қиын кездерді әңгімелеген Серікбай Өрікбайұлы:

 – 22 жасымда әкем қайтыс болып, оқуымды тастауға бел будым. Үйдің үлкенімін. Соңымда іні-қарындастарым бар. Ақша тауып, қарайласу керек. Сөйтіп, арыз жазып, ректоратқа бара жатыр едім, алдымнан ұстазым шықты. Мән-жайды айтып едім, арызды бермей тұрып жолдасымен жолуығымды сұрады. Жолдасы «Социалистік Қазақстан», қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары екен. Барғанымда «Ауылда жүріп, қанша ақша табасың?» – деді. Мен: «100 сом», – дедім. Содан соң: «Сен ай сайын маған келіп тұр, 100 сом беремін. Бірақ оқуыңды тастама. Мен адам танысам, сен қара баладан бірдеңе шығады», – деді. Оқуымды тастамадым, ақшаны да алмадым. Бір ғана кездесу өмірімді өзгертті. Ауылда қалсам, ары кетсе тракторшы болар едім, – деп облыс әкімі, Президенттің кеңесшісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты кезіндегі қызметінен хабар берді. Сондай-ақ, білімге де құштар болып, экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик атанғанын айтты.

Кездесу соңында жоғары және арнаулы оқу орнының білімгерлері сұрақтар қойып, Серікбай Өрікбайұлы мемлекеттік қызметтің қыр-сыры және жастардың мемлекеттік қызметте өз орнын табуы жайлы баяндады.

Мәулен ӘНЕРБАЙ
«Жетісу»