МАРҚҰМДАРДЫҢ ОТБАСЫНА МЕДАЛЬ ТАПСЫРЫЛДЫ

Уақыты: 06.05.2019
Оқылды: 839
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов биыл көктемде қаза болған әскери қызметкерлердің отбасы мүшелеріне мемлекеттік награда табыстады.

Биыл 27 наурызда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің «МИ-8» тікұшағы апатқа ұшырап, 13 әскери қызметкер қаза тапқан еді. Олардың сегізі – Алматы облысынан. Оның ішінде бесеуі – Талдықорған қаласынан. "Өте ауыр жағдай. Бейбіт күнде орын алған осы жағдай бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Бұл кезде мен Жамбыл облысында қызмет істеп жүрдім. «Көңіл көрген жерде» дегендей, қара жамылған барша отбасына көңіл айтамын. Олар Отан алдындағы борыштарын атқару кезінде қаза тапты. Өздері берген анттарына адал болды. Бауырларымыз мәңгілік ел жадында", - деді Ғалымжан Райылұлы.

Ер есімдерін мәңгі есте сақтау мақсатында мемлекеттік наградаға ұсынылып, Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылдың 29 сәуіріндегі №32 Жарлығына сәйкес, Отан қорғау қызметі жолында қаза болған әскери қызметкерлер «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Оны шаһар басшысы өзі табыстады. Ефрейтор Айдын Әбділдиновтың медалі жары Самал Елеуоваға берілді. Бұдан бөлек, Мирас Жұматаев, Мұрат Шәріпов, Асхат Абдұлманат және Қуаныш Сарқытбаев сынды ерлеріміздің отбасы мүшелеріне де аталған медальдар жеткізілді.

Осыған дейін облыс және қала әкімдіктері марқұмдардың отбасына бес жүз мың теңгеден жерлеу қаражатын беріп, бір миллион теңгеден қосымша көмек көрсеткен еді. Сондай-ақ, балаларын балабақшаға орналастыру мәселесі де шешілген болатын.

Серік ҚАНТАЙ