92 ЖАСТАҒЫ ҚАРТ САРБАЗ: "ӘЛЕМДЕ БЕЙБІТШІЛІК ОРНАСЫН"

Уақыты: 06.05.2019
Оқылды: 2994
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Текелі қаласында Жеңіс күніне арналған шара жалғасын тапты. Қала әкімі Бақтияр ӨНЕРБАЕВ жылдағы дәстүрмен Текелідегі Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің үйіне барып, сый-сияпат жасады.

Соғыста барлаушы болған Михаил Тыщенконы құттықтауға барған Бақтияр Өнербаев гүл шоқтарын ұсынып тұрып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және облыс әкімі Амандық Баталовтың ыстық ықыласын ала келгенін айтты. Михаил Тыщенко тың екен. Құс шаруашылығымен айналысып, аздап бақша салатын көрінеді.

Мереке қарсаңында шаһар басшысы Бақтияр Әлтайұлы, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Ертай Дүйсебаев және қала прокуроры Ескендір Бекманов ардагерді қуантып, қаржылай сый, азық-түлік ала барды. Ардагер соғыстан кейін қорғасын-мырыш комбинатында жұмыс істеген. Михаил атай «Германияны азат еткені үшін» және Жуков медалінің иегері. Бүгінде 92 жасқа толып отырған Михаил Абрамович құрмет көрсете келген азаматтарға алғысын білдірді.

– Ең басты құндылық – татулық. Адамзат бір-біріне жау болмауы тиіс. Ұрыс-соғыс, ашу-кектің түбі жақсылыққа апармайды. Қантөгістен құдай сақтасын. Әлемде бейбітшілік орнасын, – дейді қарт жауынгер.

Құрмет көрсетуші топ келесі кезекте Қалық Өтемұратовтың шаңырағына барды. Қалық ата Екінші дүниежүзілік соғыста №144 атқыштар дивизиясында Румыния, Венгрия елдерін азат етуге қатысқан. Ол кісі бүгінде 93 жаста. Әкімдік қызметкерлері Қалық атаға да қаржылай сый мен азық-түлік ала барды. Қазақы дастархан жайып қойған Қалық ата қонақтарды шуақты жүзбен қарсы алды. Бақтияр Әлтайұлы:

– Сізді осылай құрметтеп жатқан  бала-шағаңызға мың алғыс. Ұрпағыңыз өсе берсін. Алдымызда асқар тау ағамыз болып жүре беріңіз. Сіздер әперген бақыт таңының қызығын ел көріп келеді. Жүз жасаңыз, –  деген ыстық лебізін жеткізді.

Қала әкімі Бақтияр Өнербаев қос ардагерді 9 мамыр күні облыс орталығында болатын Жеңіс мерекесіне шақырды. Сол күні арнайы көлікпен жауынгер аталарымыз салтанатты шараға жеткізіледі. Біз де тау тұлғалы алыптарымыз бен өткеннің қадірін артқызған кейінгі буын азаматтардың бір-бірін толықтырған еңбектері ақтала берсін деп тарқастық.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Текелі қаласы