РАДИОЭФИР: ТАЛДЫҚОРҒАННАН СӨЙЛЕП ТҰРМЫЗ

Уақыты: 08.05.2019
Оқылды: 1019
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ширек ғасырға жуық үзілістен соң Талдықорған аймағында радиохабар тарату ісі қайта жанданды. «Жетісу» телеарнасының 20 жылдығына орай радио бағдарламалар өндірісі қолға алынды. Әзірге «Жетісу» телеарнасының радиохабары 99,9 жиілігінен үн қататын «Nostalgie FM» толқыны арқылы таралады.

Арна басшылығы болашақта жеке жиілік алып, дербес радио құруды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда радиохабарлар дайындайтын бөлім құрылып, оған белгілі журналист Есболат Айдабосын жетекшілік етіп отыр. Редакция құрамында Айнұр Төлеу, Ерлан Жүніс, Гауһар Мұса, Мұхит Тоқтасын секілді журналистер бар.

Олар бүгінде оннан астам радиобағдарлама дайындап, тәулігіне үш сағат эфирге шығады. Ертеңгі сағат 08.00-де «Шұғыла» ақпараттық-сазды бағдарламасы ұсынылады. Ал түскі мезгілде Айнұр Төлеудің «Білте шамның жарығы», «Үркер» атты белді ақындармен жүргізген сұхбатын тыңдай аласыздар. Жиілік арқылы «Дидар ғайып» атты тұлғалармен сұхбат, имандылық жайлы сөз ететін «Имани гүл» бағдарламалары, сондай-ақ, өлкеден шыққан ел перзенттері жайлы «Ел мен жер», жер-су атауларына байланысты аңыздарды баяндайтын «Жерұйық» хабары таралады.

Айта кетейік, Талдықорған өңірінде алғашқы радио 1944 жылы құрылған еді. Түрлі кезеңді бастан өткерген өңірдің радиожурналистикасы 1997 жылы тоқтап қалды. Бүгінде қайта қолға алынған «Жетісу» әуе толқынына шығып, үзілген дәстүр жанданып отыр.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ