НАРЫНҚОЛДА ОЛИМПИАДА ӨТТІ

Уақыты: 16.05.2019
Оқылды: 1501
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Республикалық «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен Райымбек аудандық Мәдениет үйінде «Бүгінгі оқушы – ертеңгі білікті маман» атты еңбек пәнінің олимпиадасы өтті. Республикамызда тұңғыш рет өткізіліп отырған олимпиадаға облысымыздағы Талғар, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Кеген, Райымбек аудандарынан білімді, ізденісі мол оқушылар қатысты.

«Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қорының аталған жобасына облыстық білім басқармасы қолдау танытты. Еңбек пәні бойынша ұйымдастырылған олимпиадаға «Astra», «Adiroy Kz», «O-brend», «Evo» атты компаниялар демеушілік көрсеткенін атап айтқан жөн.

Олимпиаданың салтанатты ашылуында «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қорының директоры Айдос Суанбеков сөз алып, жыл сайын өткізілетін еңбек пәнінің үлкен шарасы жастарымызды жақсы іске жетелеп, еңбекке жақын болып өсуіне көмегін тигізіп жатса, мақсатымыздың орындалғаны деп атап көрсетті. Олимпиадаға қатысушыларға сәттілік тіледі. Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Бекболат Бірбаев оқушыларға ақ батасын берді.

Еңбек пәні бойынша олимпиадаға аудандардан 74 команда қатысты. Қатысушыларға негізінен ауылшаруашылығы, туризм, агротехника бойынша макеттер жасап, жұмыстарын қорғау тапсырылған. Алғаш рет ұйымдастырылған іргелі жобаның берері көп болды.

Байқаудың қорытындысы бойынша Еңбекшіқазақ ауданынан келген «КВАНТ» командасы бас жүлде иеленді. Оларға «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қоры тағайындаған 150000 теңге қаржы, арнайы кубок тапсырылды. Қалған орындарды иеленген командаларға да қомақты қаржы берілді. Демеушілердің тағайындауымен және Райымбек ауданы әкімдігінің қолдауымен бірсыпыра командаға ынталандыру сыйлықтары ұсынылды.

Еңбек пәні бойынша олимпиада келесі жылы сәтімен жалғасын тауып, Талғар қаласында өтетін болды. Іргелі шараның соңында Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Самат Сатылғанов жеңімпаздарды құттықтап, ұрпақ тәрбиесіне қатысты үлкен жоба дайындап, игілікті шаруаға негіз қалаған «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қорының азаматтарына аудан атынан алғысын жеткізді.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы

Алматы облысы