ЖӘРМЕҢКЕ: ЖАС МАМАНДАР ТАПШЫ

Уақыты: 22.05.2019
Оқылды: 1219
Бөлім: КҮНДЕРЕК

І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде «Жас маман – 2019» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Жас мамандарды жұмыспен қамтуға бағытталған шараны Жетісу мемлекеттік университеті ұйымдастырды. Аталған жәрмеңкеге облыстық департаменттер мен басқарма басшылары, мемлекеттік кәсіпорындардың, білім беру мекемелерінің өкілдері, құқық қорғау органдары мен жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері, университет ұстаздары мен оқу бітіргелі отырған төртінші курс студенттері қатысты.

Алғашқы сөз І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің инновациялық жұмыс және стратегиялық даму жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Андасбаевқа берілді. Ол өткізіліп отырған бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің жас мамандар үшін де, оларды жұмыспен қамтуға дайын тұрған мектеп, банк және басқа мекемелер үшін де болашағы зор игі бастама екенін атап өтті. Сондай-ақ, жәрмеңкеде жұмыс берушілер білікті маман, ал түлектер жақсы жұмыс табады деген сенімін білдірді. Ал Алматы облысының жұмыспен қамту, үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Тоқтарқызы орталықта атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Келесі сөз алған білім басқармасы басшысының орынбасары Майгүл Төлеутайқызы аймақтағы мектептердің барлығында дерлік Жетісу университетінен түлеп ұшқан мұғалімдердің жұмыс істеп жатқанын айта келе, түлектер үшін білім беру мекемелерінің есігі әрқашан ашық екенін жеткізді.

Бұдан әрі шара жұмыс берушілер мен түлектердің кездесуіне ұласты. Жұмыс беруші тарапқа университет түлектері факультет бойынша кезекпен жолығып, екеуара талап-тілектермен танысты.

Атқарылған шара оқу бітіргелі тұрған жоғары білімді болашақ мамандар үшін үлкен мүмкіндік. Облысымыздың әр өңірінен келген арнайы өкілдер 3-4 курс студенттерінің түйіндемелерін, оқу үлгерімдерін, сертификаттар мен мақтау қағаздары жиналған жеке папкаларын қарап, өз аудандарына қажет мамандарға жұмыс ұсынды.

Жәрмеңкеде белгілі болғандай, аудандарда орыс тілі мамандары, бастауыш сыныпқа сабақ беретін мұғалімдер тапшы. Кербұлақ аудандық білім бөлімінің кадрлар инспекторы Фарида Асантаеваның айтуынша, ауданға физика, математика, химия мұғалімдері, ағылшын, орыс, қазақ тілдері пәнінің мамандары керек. Өңірде барлығы 65 бос жұмыс орны бар. Бұл тек бір ауданға керек мамандар саны екенін ескерсек, аталған мамандықтардың жыл сайынғы түлектері өңірдегі жетіспеушілікті толтыра алмайтыны анық.

Еңбек нарығындағы бұл теңсіздікті жою, әрине, уақыт еншісінде.

Айсұлу ШЕЛЕКЕН