АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: ШҰҒЫЛ ЕСКЕРТУ ЖАРИЯЛАНДЫ

Уақыты: 22.05.2019
Оқылды: 1006
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласында аяқасты қатты жел тұрып, үйлердің шатырлары ұшып, бірнеше автокөлік зақымданды. Бұл туралы "Қазақпарат" агенттігі Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

«Қаратал және тоғызыншы шағынауданда көпқабатты үйдің, клубтың шатырлары ұшты деген ақпарат кезекші бөлімге келіп түсті. Қазір оқиға орнына мамандар кетті. Ақпарат расталғаннан кейін оқиға тіркелетін болады», - деді облыстық төтенше жағдай өкілдері.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде қатты желден кейінгі көріністер жариялануда. Сурет пен бейнежазбаларда қаладағы ағаштардың сынғанын, шатырлардың ұшқанын анық көрінеді. Сондай-ақ «Toyota» маркалы көліктің үстіне шатыр жабындысы құлаған.

Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға SMS-хабарлама таратып, қатты жел соғатындығы жөнінде ескерту берген еді. «22 мамырда Алматы облысының кей жерлерде қатты жаңбыр жауып, күн күркірейді, бұршақ жаууы мүмкін. Жел оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа қарай соғады. Кей жерлерде желдің екпіні 15-25 м/с құрайды. Талдықорған қаласында күндіз жаңбыр жауып, күн күркірейді», - делінген ведомство таратқан хабарламада.

Бұдан бөлек, облыстық төтенше жағдайлар департаменті "Қазгидрометтің" №47 дауылды ескертуі негізінде аймақта жауын-шашынның көп түсуіне байланысты беткей ағындары қалыптасып, су деңгейінің көтерілу қаупі барын ескертеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет "Қазақпараттан" алынды