ДӘМХАНА: АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ҮЙДЕН ТАПСЫРЫС БЕРЕДІ

Уақыты: 24.05.2019
Оқылды: 1925
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бақанас ауылында «Әлем» тамақтандыру орталығы ашылды. Салтанатты рәсімде орталық иесі, жеке кәсіпкер Гаухар Дүкенбаева сөз сөйледі.

Ол «Бастау бизнес» жобасы бойынша білім алып, кейіннен аудан орталығындағы бір дәмхананы жалға алып, жұмыс бастағанын әңгімеледі.

– Дәмхананы қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін әпкем Жұлдыз Дүкенбаева екеуміз «Бастау бизнес» жобасы бойынша грант иегері атандық. Ұтып алынған қаражатқа тағам әзірлейтін құрылғылар сатып алынды. Орталыққа жөндеу жұмыстары да жүргізілді. Осы кәсіпті бастауға анам Шайкүл Үсенова мен әкем Қанатбек Дүкенбаев қолдау көрсетті. Сол себепті оларға айтар алғысым шексіз, – дейді кәсіпкер Гаухар Қанатбекқызы.

Салтанатты шарада ақын Жеңіс Демеуқұлов жылы лебізін білдіріп, ақ батасын арнады. Басқа да азаматтар ақ тілектерімен бөлісіп, орталықтың лентасын қиды.

Бұл жерде тағамның небір түрі әзірленеді. Тіпті, үйде отырып-ақ тапсырыс беруге болады. Осындай кәсіптің ашылуына куә болған тұрғындардың да жеке бизнеспен айналысуға деген ынта-жігерлері артты.

Алтынай СЕЙТКЕН

Балқаш ауданы