Амандық БАТАЛОВ АШЫҚ САБАҚ ӨТКІЗДІ

Уақыты: 25.05.2019
Оқылды: 1491
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ қатысуымен "Қош бол, алтын ұя мектебім" атты соңғы қоңырау шарасы өтті. Аймақ басшысы аталмыш мектеп қабырғасында түлектерге ашық сабақ өткізіп, мамандық таңдаудың маңыздылығы жайлы айтып берді.

Дарынды жеткіншектерге заман талабына сай білім, тәрбие беріп отырған озық білім шаңырағында биылғы оқу жылында 814 оқушы білім алса, олардың 650-і халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық білім сайыстарында жеңімпаз атанған. Білім ошағынан 77 түлек қанат қағуда. Олардың екеуі "Алтын белгіге", жетеуі ерекше үлгідегі аттестатқа үміткер. Мектеп бітіруші түлектерге облыс әкімі Амандық Баталов ізгі тілегін жеткізді.

- Күні кеше мектеп табалдырығын аттаған окушылар бүгін үлкен өмір жолына қанат қаққалы отыр. Барша мектеп бітірушілерге ақ жол тілеймін. Елбасы өздеріңе үлкен сенім артып, биылғы жылды "Жастар жылы" деп жариялады. Болашақта еліміздің тізгінін ұстап, биік дәрежеге көтеретін - өздерің сынды білімді, дарынды жастар, - деді.

Шараға арнайы қатысқан Жетісу өлкесінің тумасы, белгілі тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы биыл мектеп бітіргеніне 50 жыл толып отырғанын толғаныспен еске алып, мектептегі кезеңнің адам жадынан ешқашан өшпейтінін әңгімеледі. Оқушыларға білім, тәрбие беріп жатқан ұстаздарға алғысын жеткізді.

Мектеп директоры Сәуле Өмірбекова түлектерге ақ тілегін арнап, бірқатар оқушыны "Жылдың үздік оқушысы", "Үздік шаңырақ" номинацияларымен марапаттады. Өз кезегінде мектеп бітіруші түлектер ұстаздарға алғысын жеткізіп, "Қош бол, мектебім" әнін, "Елбасы мектебі" әнұранын орындады.

Соңғы қоңырау үні салтанатпен соғылып, түлектер өздеріне арналған соңғы сабаққа қатысты. Облыс әкімі бастаған алқалы топ Назарбаев мектебін аралап, ұстаздар мен оқушылардың жетістігімен танысты.

Алма ЕСЕНБАЕВА