ЭКОЛОГИЯ: ЗАҢСЫЗ ҚОҚЫС ҮЙІНДІЛЕРІ ҒАРЫШТАН АНЫҚТАЛАДЫ

Уақыты: 27.05.2019
Оқылды: 1638
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жастарға қызмет көрсету орталығында облыстық экология департаментінің ұйымдастыруымен «Жасыл әлем» атты жастар форумы өтті. Жас экологтар қатысқан шарада аталған департамент басшысы Қонысбек БАЙЕДІЛОВ қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығы туралы ойымен бөлісті.

– Бәріңізге белгілі, 5 маусым – Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні. Осы күннің қарсаңында департамент тарапынан түрлі шара өткізіліп, қоршаған ортаны сақтаудың қажеттілігі туралы түсінік беріледі. Бүгінгі шара - соның бірі. Біз бұл ретте форум өткізіп, экологиялық ортаны қорғауды жастардан бастаудың керектігін ұғындыруды мақсат еттік. Бұл ойымыздың ақталары белгілі. Сондай-ақ, жыл сайын жас қылқалам шеберлері арасында суретшілер байқауын өткізіп келеміз. Осы жолы сол байқаудың жеңімпаздарын жұртқа таныстырамыз, – деді ол.

Осыдан кейін мінберге көтерілген облыстық экология департаменті экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Күлайхан Бейменбеева, Жетісу мемлекеттік университеті «құқықтану» мамандығының докторанты Дәурен Бекежанов, Жетісу мемлекеттік университетінің «Экология» мамандығының 4-курс студенті Елена Доржиеева, Талдықорған агротехникалық колледжінің 3-курс студенті Ілияс Әбілхан сөз сөйлеп, қоршаған ортаны қорғаудың қажеттілігі туралы ойымен бөлісті. Сол қатарда облыстық экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Ерасыл Бекжанов аймақта геопортал жүйесі іске қосылғалы 857 рұқсат етілмеген заңсыз қоқыс үйіндісінің анықталғанын жеткізді.

– «Қазақстан Ғарыш сапары» ҰҚ» АКҚ жүргізген геопартал жүйесінің көрсетуінше, облыс орталығы Талдықорған қаласы маңынан анықталған радиусы 50 шақырым аумақты алып жатқан 58 полигонның 44-і, ал Алматы қаласының айналасындағы 60 полигонның 42-сінің жағдайы мәз емес. Полигон құжаттары заңды болғанымен, төгілген қоқыстар сыртына жайылып кеткен. Бұл өңірдің экологиялық ахуалын нашарлатып отыр, – дейді ол.

Аталған департамент геопортал анықтап берген деректерді жергілікті атқарушы органдарға көрсетіп, онымен бірлесе күрес жүргізу жайлы келісімге келген.

– Бүгінде Талдықорған қаласына қарасты Еркін және Өтенай ауылдарының маңына заңсыз қоқыс төгілген 42 нүкте анықталып, оны тазалау жұмысын жүргізу тапсырылды. Көп өтпей аймақтағы 857 қоқыс үйіндісінің 42-сі тазаланады, – дейді Ерасыл Баратұлы.

Дегенмен, заңсыздық мұнымен тоқтап қалады дегенге сену қиын. Өйткені, түн жамылып, ауласындағы күл-қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды, пайдалануға жарамсыз құрылыс-материалдарын көлікке тиеп алып, жұрт көзіне түсе бермейтін қалтарысқа төгіп кететіндер көп. Сондықтан, осы келеңсіздіктің жолын кесудің баламалы шараларын қарастырған абзал.

– Өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп жатқан Экологиялық кодекске жаңа баптар енгізіп, қалдықтарды кәдеге жарату немесе қайта өңдеу, сұрыптау, мемлекеттік басқару жүйесін дамыту мен жетілдіру арқылы жауапкершілікті күшейтпейінше, бұл келеңсіздікті тоқтата алмаймыз, – дейді І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті «құқықтану» мамандығының докторанты Дәурен Бекежанов.

Соңында мектеп оқушылары арасындағы суретшілер байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарға облыстық экология департаментінің басшысы Қонысбек Байеділов Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ, аймақтың экологиялық жағдайын қалпына келтіру жолында тер төгіп жүрген біраз адамға  алғыс білдірілді.

Қажет АНДАС