ТАЛДЫҚОРҒАН: СТУДЕНТТЕР САЙЫСҚА ТҮСТІ

Уақыты: 04.06.2019
Оқылды: 1149
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу төрінде «Менің Қазақстаным: студенттік көктем – 2019» атты облыстық фестиваль өтті. Аталмыш шара екі күнге созылды. Өңір-өңірден келген белсенді жастар Талдықорған қаласында бас қосып, әртүрлі сайыстардан бақ сынады. Ауызбіршілігі жарасқан аймақтың еркін ойлы азаматтары ашылу салтанатында Алаш алыптарының жүрген жолын, ел үшін істеген қастерлі қарекетін еске түсірді.

Б.Римова атындағы театрдың сахнасы сәнге толып, тарихтың томағасы тағы бір рет шешілді. Өнерлі жас әртістер керуен жолдар мен кер заманнан сыр тарқатты. Бұл көрініс ұлағатты  ұлттың ұрпағы екенін көрсете білген еріктілердің еңсесін көтерді. Одан кейін патриоттық әндерге кезек берілді.

Шараға мұрындық болған облыстық жастар саясаты басқармасы мен І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дің басшылығы ыстық лебіздерін жеткізді. Алдымен сөз алған білім шаңырағының басшысы Қуат Баймырзаев бұл фестивальдің маңыздылығына тоқталып, жас буынға жігер сыйлайтынына сенім білдірді.

– Еліміздің болашағы да жастар, сондықтан оларға үлкен үміт артылып отыр. Тәуелсіздік жылдарында көп жетістікке қол жеткіздік. Мемлекетіміздің нығая түсуіне бұрынғыдан да мол үлес қосу үшін жастар белсенді болуы керек. Бұл жылды елдегі жас буын өздерінің идеялары мен бастамаларын жүзеге асыруға, білім мен ғылымды дамытуға, бәсекеге қабілетті жаңа қоғам құруға атсалысуға арнайтын болады. Елімізде жастардың креативті, жаңаша ойлай білетін жаңа толқыны өсіп келе жатқанына сенімдімін, – деді Қуат Маратұлы. 

Ары қарай мерекелік кеш байқауға ұласты. Онда студенттер төрт бағыт бойынша сынға түсті. Атап айтсақ, «Отаным – Атамекенім» патриоттық әндер сайысы, «Ұшқыр ойлы жетісулық жастар» атты пікірсайыс турнирі, «Жайдарлы жастар» жайдарман ойындары, «Спорт – өмір көркі» тақырыбында шағын футбол жарысы  өтті.

Ауданының намысын арқалап келген өрелі өрендер өзара додаға түсіп, жеңімпаздарды анықтады. Алдымен ән жарысында кербұлақтық Мәулен Әбжаппаров әділқазылардың ерекше ықыласына бөленіп, бас жүлдеге ие болды. Одан кейін талдықорғандық «Erudite» клубы сөз бәйгесінде көмбенің басынан көрінді. Ал әзіл айтудан алдына жан салмайтын республикаға танымал «Креатив» жайдарман командасы қарсыластарын қапыда қалдырды. «Денсаулық – зор байлық» деп таныған футболшылар бәсекесінде Кербұлақ ауданының жастары ала доптан айласын асыра білді. Қалған қатысушылар да құр қайтқан жоқ. Тиісінше қалған орындарды өзара бөліске салып, Алғыс хатпен марапатталды.

– Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған заман ағымы, кезең тынысы болады. ХХІ ғасыр бүгінгі ұрпаққа, яғни, біздерге бұйырған бақыт деп ойлаймын. Ата-бабаларымыз болашақ ұрпақ үшін ақтық демі қалғанша күресіп, бізге егемендік алып берді. Қазақ даласы ата-бабаларымыз ғасырлар бойы арман еткен және сол жолда құрбан болып, өз тәуелсіздігін жеңіп алды. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында, – деді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Қаратас бізге берген сұхбатында.

Мұндағы басты мақсат – ел болашағы, жас буын өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, қоғам өміріндегі белсенділігін арттыру. Сондай-ақ, шығармашылық шеберліктерін шыңдап, дарынды студенттерге қолдау көрсету. Бұл ендігі жылы тағы да дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын жастар мерекесінің негізгі бағыты болып қала бермек.

Айтулы фестивальдің қорытындысы Гала-концертке ұласты. Жетісудан шыққан  эстрада жұлдыздары жастарға арнап өнерлерін ортаға салды.

Мұхтар КҮМІСБЕК